×

Кәсіпкер Әсем Ғалымқызы: Құрақ көрпемен әлем нарығын жаулаймыз

Әсем құрақ құрап қана қоймай, жамылғы мен махаббат көрпесін тігудің тың техникаларын жете меңгереді

Кәсіпкер Әсем Ғалымқызы: Құрақ көрпемен әлем нарығын жаулаймыз

Алматылық Иембердиева Әсем Ғалымқызы – құрақ құрау шебері. Қаршадайынан үй-іші қолөнерге баулып, кесте тігу мен киім пішу өнерін үйреткен. Бұл іс кейіннен оның хоббиіне айналады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2021 жылы 3 айлық «Алтын ине» курсын тәмамдаған Әсем құрақ құрап қана қоймай, жамылғы мен махаббат көрпесін тігудің тың техникаларын жете меңгереді. Үйінен тапсырыс қабылдап, қоржын, қыз жасауын да тіге бастайды.

Сөйтіп жүріп Алматыдағы «Бизнес бастау» жобасына қатысып, 1 млн 200 мың теңгелік грантты ұтып алады. Оған жүн түтетін және матрас бетін қаптайтын станоктар, зигзаг, парогенератор сынды машина жабдықтарын сатып алады. Екіқабатты зәулім үйінің жоғары этажын цех ретінде пайдаланып, жұмысын бастап кетеді. Одан кейін Әсем Алматы әкімдігі берген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып,  ұсынған жобасымен 5 млн теңгелік грант иегері атанады. Кейін осы жобасы арқылы сабақ өтіп, жаңадан кәсіп бастаушыларға бағыт көрсетеді. Жақсы табысқа шыққан соң, салмағы 3 тонналық өнеркәсіптік ілмектеп кестелеу машинасын арнайы тапсырыспен Қытайдан 10 млн теңгеге алдырады. Сондағысы – өзге құрақ құраушылардан ерекшелену.  

Құрақтың тың техникалары

«Қазір құрақ бойынша неше түрлі дизайн ойлап таптым. Қытайдың Иу қаласынан келген ұстаздың жеке менторлығын алып, Қазақстанда ешкім қолданбайтын 5-6 дизайн шығардық. Көбі қошқар мүйіз оюы, шиқұрақ, мозайка, 3D техникаларын қолданады. Қазір онымен тұтынушыны таңғалдыра алмайсың. Осыларды ескере келе, заман талабына сай болу үшін өнеркәсіптік ілмектеп кестелеу машинасын  алдырттым», – дейді ол.

Әлемдік нарыққа көз салып, заманға сай маркетингті жетік білетін Әсемнің бүгінде сатып алушылары күн санап артып, тапсырыстары да көбейген. Декреттегі ана бас-аяғы үш жылда осы саланы дөңгелетіп, қазір Алматыдағы «Адем» сауда орталығынан дүкенін ашып үлгерген. Оның тұрақты клиенттері артып қана қоймай, тіпті серіктестік орнатуға Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерден де  ұсыныс түсіп жатқан көрінеді.

Қаншама қыздың «Қыз жасауын» дайындап, ерекше махаббатпен тігетін Әсем қазір 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алда тағы кемі 5-6 тігіншіні жұмысқа алмақ.

Ұйымшылдықпен іс бітеді

2020 жылы бөпелі болып, ана атанған ол, жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүр. Кәсібін сатушыларға тапсырып қоймай, қолы қалт етсе, ине-жібін алып бірден ұзатылар қыздың жасауын дайындайтын ол, ұйымдасқан істе береке барын жақсы біледі.  Себебі жамылғы көрпелерді ісмерлерімен бірге өзі де тігуін тоқтатқан емес.

«Мен ойға алған ісін соңына дейін апармайынша, алған бетінен қайтпайтын адаммын. Тігін саласында асқан шыдамдылық керек. Көзің талады, белің ауырады. Алайда қандай істің де жеңілі жоқ. Мен де, менің тігіншілерім де ісмерлікті жаны қалап істейтіндіктен, біз үшін шешілмейтін түйткіл жоқ», – дейді ол.

Сапалы істелген жұмыс – жетістік кілті

Әсем алғашқыда құрақты енесімен бірге бастап, үйден тапсырыс қабылдаған. Екі көршісін қол көмегіне шақырады. Ал қазір олар цехта тұрақты айлыққа жұмыс істейді. Оның айтуынша, бастаған кәсібі күннен-күнге жаңданбаса, қиын күндерде де тұралап қалмаған. Сүйікті ісі арқылы өзін тапқан еңбекке жаны құштар Әсем бүгінде кәсібін одан әрі дамытуға  күш салып отыр.

Ұлттық нақыштағы оюымызды жандандырып, кәсіп қылған ол, «құрақ көрпемен әлем нарығын жаулаймыз» деп өзіне сенімді сөйлейді. Тігінші Әсемнің еңбекшілдігі мен табандылығы осы салаға қызығатын өскелең жас ұрпаққа үлгі. Жас кәсіпкердің лайым арманы орындалып, мол табысқа кенеле беруін тілейміз!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Жергілікті қор нарығының проблемасы қандай?
Кеше, 10:10

Жергілікті қор нарығының проблемасы қандай?

Кездейсоқтық па әлде басқа ма, әйтеуір біз қазақстандық инвест банктер өзін жақсы сезінетінін байқаймыз
Компанияның барлық құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері қаланы қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шықты
Экономиканың қарқынды дамуы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →