Кей жерлерде ауа температурасы -1…-3°C дейін төмендейді.
Қазақстанның оңтүстік аймақтарында күз әдеттегіден ертерек түсуі мүмкін. Қазан айының басында Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында күн суытып, жаңбырдың соңы қарға ұласуы ықтимал. Сондай-ақ алғашқы аяз күтілуде. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасай отырып Qaz365.kz хабарлайды.
Синоптиктердің мәліметінше, 1 қазанда күндізгі температура +5…+10 °C шамасында ғана болады. Әдетте осы мезгілде оңтүстікте ауа райы +15…+18 °C деңгейінде сақталатын. Ал 2 қазанға қараған түні Түркістан облысының тұрғындары да суықты сезінеді: кей жерлерде ауа температурасы -1…-3°C дейін төмендеп, жауын-шашын қарға ауысуы мүмкін.
Солтүстік пен орталық өңірлерді басып өткен суық антициклон оңтүстікке қарай жылжып, ауа райының күрт өзгеруіне себеп болып отыр, – дейді мамандар.
Алдын ала болжам бойынша, биылғы қазан айы климаттық нормадан суығырақ болады.