23 желтоқсанда Қазақстанның көп бөлігінде ауа райы күрт нашарлайды. «Қазгидромет» қар, боран, тұман мен көктайғаққа байланысты ел аумағының басым бөлігінде қолайсыз ауа райы болатынын ескертті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыстан келген циклон батыс, солтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерге қар мен жаңбыр алып келеді. Ал елдің оңтүстік-шығысы мен шығысында антициклонның әсерінен жауын-шашын болмайды. Көптеген аймақта жел күшейіп, жолдарда көктайғақ күтіледі.
Астанада түнде және таңертең көктайғақ болады, күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді. Ақмола облысында түнде және таңертең қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ байқалады, ал күндіз шығысында жел 25 м/с-қа дейін күшейеді. Көкшетауда желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Жетісу облысында, әсіресе таулы аймақтарда тұман мен көктайғақ күтіледі, Алакөл көлдерінде жел 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Түркістан облысында, Шымкент пен Түркістан қалаларында тұман түседі. Маңғыстау облысында түнде және таңертең орталық бөлігінде көктайғақ, ал батыс, солтүстік және шығысында тұман болады. Ақтауда да қою тұман күтіледі.
Қызылорда облысының солтүстігінде көктайғақ, ал орталығы мен оңтүстігінде тұман болжанып отыр. Жамбыл облысында, соның ішінде Таразда тұман, көктайғақ және таулы аймақтарда желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен батысында тұман мен көктайғақ, Ұлытау облысында қар, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ сақталады. Батыс Қазақстан облысында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, боран, көктайғақ және желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.
Алматы облысының оңтүстігінде, Алматы мен Қонаев қалаларында тұман мен көктайғақ күтіледі. Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын болады, жел 20 м/с-қа дейін күшейеді. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында да боран, тұман және қатты жел болжануда. Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында қар, боран, көктайғақ және желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қарағанды облысында да қар, тұман және жел күшейеді.
Мамандар тұрғындарды жолда аса сақ болуға, алыс сапарларды кейінге қалдыруға және ауа райының қолайсыздығын ескеруге шақырады.