Елімізде –40 градусқа дейін аяз күтіледі

Qaz365.kz редакциясы
Алматы әкімдігі

Алдағы күндері Қазақстан аумағында ауа райы күрт нашарлайды. Елімізге Жаңа Жер аймағында қалыптасқан қуатты антициклон әсер етеді. Бұл туралы Қазгидромет мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, 15 қаңтарда елдің солтүстігі мен шығысында ауа температурасы түнде –30–40 градусқа дейін төмендейді. Оңтүстік өңірлерде түнгі температура –5 пен –13 градус аралығында болса, оңтүстік-шығыста –8–17 градусқа дейін суытады. Таулы аймақтарда аяз –20–25 градусқа жетуі мүмкін.

Суықпен қатар қолайсыз метеорологиялық құбылыстар да күтіледі. 15–16 қаңтар күндері Қазақстанның оңтүстігінде қалың қар жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болжанып отыр. Ал 16–17 қаңтарда оңтүстік-шығыс өңірлерде боран соғып, мол жауын-шашын түсуі, тұман түсіп, жолдарда мұз қатуы ықтимал.

Метеорологтар тұрғындарға ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, алыс жолға шыққанда сақтық шараларын күшейтуді және қатты аяз бен қарлы боран кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ұсынады.