Ирандағы жарылыстардан соң Қазақстанды «улы жаңбыр» баса ма?

Qaz365.kz редакциясы
Istock

Әлеуметтік желілерде Иран аумағындағы ірі өрттерден кейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде қышқыл жаңбыр жаууы мүмкін деген ақпарат тарады. «Қазгидромет» мамандары бұл қауесетті ресми түрде жоққа шығарып, жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Синоптиктердің түсіндіруінше, қышқыл жаңбыр әдетте ірі өндіріс орындары шоғырланған аймақтарда, ауаға күкірт пен азот оксидтері шектен тыс көп бөлінгенде ғана болады. Алайда ауа массалары ұзақ қашықтыққа жылжыған сайын, ондағы зиянды заттардың концентрациясы табиғи процестер арқылы сейіліп, азаяды.

«Қазіргі мониторингке сай, лас заттардың Қазақстан мен Орталық Азияға тарау белгілері тіркелген жоқ. Қышқыл жаңбырдың келуіне ешқандай ғылыми дәлел жоқ», — деп хабарлады «Қазгидромет» өкілдері.

Айта кетейік, өткен демалыс күндері Израиль тарапы Иранның мұнай базаларына соққы жасап, Тегеранда ірі өрт шыққан болатын. Иран Қызыл жарты ай қоғамы мұнай қоймаларындағы жарылыс салдарынан атмосфераға улы көмірсутек пен азот бөлінгенін растаған еді. Дәл осы оқиға көршілес елдерде «химиялық жауын жауады» деген үрей туғызған болатын.