Биыл бағдарламаға 72 млрд теңге бөлінеді
Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған еді. Енді Қазақстанда жұмысшылар үшін «Наурыз жұмыскер» жаңа ипотекасы іске қосылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа ипотека шарттары мынадай:
Мөлшерлеме – әлеуметтік осал адамдар үшін 7 % (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9.6%-ға дейін) және қалған санаттар үшін 9% (ЖТСМ 13% дейін).
Бастапқы жарна: алғашқы пәтерді таза әрлеумен толық сатып алғанда 10%-дан, ал егер толық салынбаған және екінші нарықтағы үйлерде 20%-дан.
Қарыздың ең жоғары сомасы Астана мен Алматы қалаларында – 36 млн теңге болса, өзге өңірлерде – 30 млн теңге.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талап: саладағы кәсіпорында жұмыс істейтін қызметкер болу керек. Мәселен, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары.
«Наурыз жұмыскер» бойынша ипотекалық қарыз алуға құқығы бар нақты мамандықтарға келетін болсақ, тізім қазір қалыптасу сатысында. «Наурыз жұмыскер» бойынша жұмысшы кәсіптерінің тізімін ОКЭД (экономикалық Қызметтің негізгі жіктеуіштері) бойынша жұмыс тобы анықтайды», – деп хабарлады ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің отырысында Отбасы банкінің өкілі.
Басым кәсіптердің тізімі бағдарлама басталғанға дейін, яғни наурыз айының ортасына дейін ұсынылады.
Биыл бағдарламаға 72 млрд теңге бөлінеді. Бұған шамамен 2.5 мың отбасы үйлі болады. «Наурыз жұмыскер» ипотекасы «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі болғандықтан, шарттары бірдей. Қарыз шарттары: пәтердің құны 25 млн теңге болуы керек. Бастапқы жарна - 20% немесе 5 млн теңге (депозитте болуы тиіс).