2%-бен үй алуға кімдердің мүмкіндігі бар екені белгілі болды

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстанда 654 мың адам баспана кезегінде тұр.

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 654 мың адам баспана кезегінде тұр. Оларға пәтер кілтіне қол жеткізу үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бірінші - жалға ұсынылатын тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру

Бұл ретте, жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20 пайызы сатып алу құқығынсыз жетім балалар мен көп балалы отбасыларға беріледі. Өткен жылы аталған мемлекеттік қолдау шаралары аясында кезекте тұрған 13 мыңға жуық адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 1-тоқсанда 3 мыңнан астам отбасы жалға берілетін пәтерге ие болды.

Екінші - жалдау ақысын субсидиялау

2022 жылдан бастап азаматтардың мына санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының 50 пайызы субсидияланады:

- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

- жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

- көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.

Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам отбасы тұрғын үйді жалға алғаны үшін 50 пайыз төлем бойынша мемлекеттік қолдауға ие, - дейді Бақытжан Жүнісбеков.

Үшінші - Тұрғын үй сертификаттары

 Оны әкімдіктер ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға береді.

Төртінші - жеңілдікті кредит беру

Оның айтуынша, кезекте тұрған азаматтар үшін жылдық 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген займдар беріліп келеді. Бұл тұрғын үйге мұқтаж халықтың нақты санаттарына арналған қолдау тетігі.

2% жеңілдетілген займ кімдерге беріледі?

Мұндай ерекше жеңілдік төрт санаттағы азаматтарға қарастырылған:

Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

• Мүгедек баласы бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;

• Көпбалалы отбасылар;

• Жетім балалар.

2024 жылдың қорытындысы бойынша 2%-бен 3 859 займ берілсе, биылғы жылдың алғашқы төрт айында 952 азамат баспана сатып алу үшін осы мүмкіндікті пайдаланған.

5%-бен де несие  бар

Бұл мөлшерлеме кеңірек санаттағы тұрғындарға ұсынылады. Былтыр 5 145 азамат осындай займ алған. Ал биылғы 1 қаңтардан бері 1 249 адам 5%-дық несие рәсімдеген.

Барлық жеңілдетілген займдар "Отбасы банкі" арқылы беріледі.

«Наурыз» бағдарламасы

Президент тапсырмасы бойынша өткен жылы іске қосылған «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы да жалғасуда. Мұнда:

• Әлеуметтік осал топтарға – 7%

• Қалған азаматтарға – 9% мөлшерлеме ұсынылады.

Бағдарлама бойынша жыл сайын 12 мың азамат жеңілдікті ипотека ала алады. Биыл төрт айда бұл бағдарламаға 1,5 мыңнан астам адам қатысқан. Оның ішінде 1 000-ге жуығы – "Жұмысшы мамандықтар" жылы аясындағы еңбек адамдары.