“7-20-25“ бағдарламасына өзгерістер енгізілді: не білу керек?

Qaz365.kz редакциясы

Қатысу үшін соңғы 18 айда атына тұрғын үй тіркелмеуі керек

Фото: shutterstock.com

Ұлттық банк «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының талаптарына бірқатар өзгерістер енгізді. Негізгі жаңалық – сатып алынатын баспананың ең жоғары құны ұлғайып, қарыз алушыларға төлем қабілетін растау кезінде кепілгер тартуға мүмкіндік берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 Үйдің ең жоғары құны өсті

2025 жылғы 26 қыркүйектегі қаулыға сәйкес:

  • Астана, Алматы және олардың маңындағы аймақтарда, сондай-ақ Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында тұрғын үйдің ең жоғары бағасы 25 млн теңгеден 30 млн теңгеге дейін көтерілді;

  • Қарағандыда – 20 млн-нан 25 млн теңгеге дейін;

  • Басқа өңірлерде – 15 млн-нан 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

 Қарыз алушыға жаңа мүмкіндік

Енді ипотека рәсімдеушілер төлем қабілетін растау үшін тек қосалқы қарыз алушыны ғана емес, кепілгерді (гарантты) де тартуға құқылы. Сонымен қатар, өтінім беру кезінде қарыз алушының тұрақты табысына ерекше назар аударылады.

 Бағдарлама шарттары бұрынғыдай қалады

Бағдарламаның негізгі талаптары өзгеріссіз:

  • бастапқы жарна – 20%;

  • несие мөлшерлемесі – жылдық 7%;

  • несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін;

  • бағдарламаға жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады.

Қатысу үшін соңғы 18 айда атына тұрғын үй тіркелмеуі керек, ал бағдарлама арқылы бір рет үй алғандар қайта қатыса алмайды.

 Бағдарламаға қатысушы банктер:

  • РБК

  • ForteBank

  • Altyn Bank

  • Halyk Bank

  • Freedom Bank

  • Еуразиялық банк

  • Банк ЦентрКредит

Ұлттық банк бұл өзгерістер ипотеканы қолжетімді етіп, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға серпін береді деп сенеді.

Анықтама үшін: «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдан бастап іске асырылып келеді, ал оның жұмысы 2029 жылға дейін жалғасады. 2025 жылғы 2 қазанға дейін бағдарлама аясында 1 149,7 млрд теңгеге 81 886 жеңілдетілген қарыз берілген.