2026 жылы берілетін ипотека: Қазақстанда баспаналы болу үшін қандай бағдарламалар бар?

Qaz365.kz редакциясы

2026 жылғы баспана алуға арналған бағдарламалар

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда жастар мен жас отбасыларға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар өз жұмысын жалғастырып жатыр. 35 жасқа дейінгі азаматтар осы жеңілдетілген бағдарламаларға қатыса алады. 
Qaz365.kz редакциясы бағдарламалар жайлы мәліметтерді ықшамдап, назарларыңызға ұсынады.

Өңірлерде «Алматы жастары», «Елорда жастары», «Алатау жастары», Qamqor секілді бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалар Отбасы банкі мен жергілікті әкімдіктердің бірлескен жобасы. 

Негізгі талаптар:

  • жас шамасы 35-ке дейін;
  • соңғы бес жылда жеке тұрғын үйдің болмауы;
  • тұрақты тіркеу;
  • кемінде 6 ай жұмыс өтілі.

Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ғылым, журналистика, әлеуметтік қызмет, құқық қорғау және коммуналдық салалардағы мамандар қатыса алады.

Негізгі шарттар:

  • пайыздық мөлшерлеме — 5–6%;
  • бастапқы жарна — 10%-дан;
  • несие мерзімі — 19 жылға дейін;
  • несие құны — 20 млн теңгеге дейін.

Бағдарлама бойынша сіз пәтерді бастапқы немесе екінші нарықтан, сондай-ақ үйді учаскесімен сатып ала аласыз.

«Жас отбасы» бағдарламасы

Бұл бағдарлама жас отбасыларға арналған. Ресми некесі 5 жылдан аспаған және Отбасы банкіне депозит салған болуы керек (кемінде бір жыл).

Шарттары:

  • пайыздық мөлшерлеме — 6%, 
  • кейін 5%-қа дейін төмендеуі мүмкін;
  • бастапқы жарна — 50%;
  • несие мерзімі — 9 жылға дейін;
  • несие құны — 100 млн теңгеге дейін.

Бағдарлама арқылы пәтерді бастапқы және екінші нарықтан, үйді немесе жер учаскесін сатып алуға болады.

Жастарға арналған жалға алатын пәтер

Жалдау ақысы айына 5–15 мың теңге, бұл өз үйіне жинақ жасауға мүмкіндік береді.

Жалға алу мерзімі — 5 жыл.

Талаптары:

  • жас шамасы 29-ға дейін;
  • орта немесе жоғары білім;
  • ресми жұмыс;
  • соңғы 2 жылда тұрақты тіркеу;
  • соңғы 2 жылда жеке тұрғын үйдің болмауы;
  • соңғы 6 айдағы табыс — кемінде 40 АЕК.

Қалалық тұрғын үй қорынан жаңа пәтерлер ұсынылады.

Мемлекеттік бағдарламалар «7-20-25» және «Наурыз»

«7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін істейді. Соңғы 18 айда тұрғын үйі болмаған және қазіргі ипотекасы жоқ азаматтар осы бағдарламаға өтінім бере алады.

Шарттары:

  • пайыздық мөлшерлеме — 7%;
  • бастапқы жарна — 20%-дан;
  • мерзімі — 25 жылға дейін;
  • ең жоғарғы құн — ірі қалаларда 30 млн теңге, Қарағандада 25 млн, басқа аймақтарда 20 млн;
  • тек жаңа пәтер алуға болады.

«Наурыз» бағдарламасы соңғы 5 жылда өз тұрғын үйі болмаған және Отбасы банкінде кемінде 2 млн теңге жинағы бар азаматтарға арналған.

Шарттары:

  • пайыздық мөлшерлеме — 7% 
  • әлеуметтік осал категорияларға, қалғандарына 9%;
  • бастапқы жарна — 10–20%;
  • мерзімі — 19 жылға дейін;
  • ең жоғары құн — Алматы мен Астанада 36 млн, басқа аймақтарда 30 млн;
  • пәтер, үй, бастапқы немесе екінші нарықтан сатып алу мүмкіндігі бар.

«7-20-25» және «Наурыз» бағдарламаларында адамның жасы маңызды емес.