Ол Орталық Азия мен Армения аймағына жетекшілік етеді
29 жастағы Ақтөбе тумасы Әділхан Қопабаев Apple корпорациясында басшылық қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы жаңалықты Әділхан өзінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті.
“Мен “Apple Inc” компаниясына қосылғанымды хабарлауға қуаныштымын. Орталық Азия+Армения бойынша Мемлекеттік саясат және Үкімет істері бөлімінің басшысы ретінде қызмет атқарамын”, – делінген оның жазбасында.
Әділхан Қопабаев бұл қызметін Дубайдағы кеңседе істейтінін айтып жеткізді.
Әділхан Қопабаев 2017 жылы Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар институтын (UNIST) «қала инженері және технологиялық менеджмент» мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Ол UNIST Global Uni-Star атты беделді стипендияның иегері атанды.2021 жылы ол АҚШ-тың Провиденс қаласындағы Браун университетінде мемлекеттік басқару магистратурасын аяқтап, Рокфеллер қорының стипендиясына ие болды.
Apple компаниясына дейін Әділхан халықаралық консалтингтік және IT компанияларда қызмет атқарған. 2023 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігіне қарасты «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығын» басқарды және Қазақстанның мұнай-газ саласының «Жағдайлық-талдау орталығы» басқармасының төрағасы болды. 2024 жылы Әділхан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты кеңесінің құрамына енді.