Отандық өнімдердің 3300-ден астам тізбесі әзірленген
Елімізде өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылмақ. Енді мемлекеттік қолдауды отандық тауар өндірушілер ғана алатын болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп министрлігі мәлімдеді.
“Қабылданған заңға сәйкес, қазақстандық өндіруші ретінде тану үшін кәсіпорындар белгіленген талаптарды сақтауы тиіс. Әрбір өнім бойынша міндетті технологиялық операциялардың 3300-ден астам тізбесі әзірленді. Бүгінгі таңда технологиялық операциялар сипаттамасы бар 2400-ден астам өнім тобы анықталды. Егер кәсіпорын белгілі бір өнім бойынша қажетті операцияларды орындаса, ол отандық өндіруші мәртебесін алады. Тауар өндіруші өтінімді жеке кабинет арқылы береді. Мемлекеттік ақпараттық жүйе негізгі көрсеткіштерді автоматты түрде талдайды: электр энергиясын тұтыну, жұмысшылар саны, салық аударымдары. Сондай-ақ бейнебақылау арқылы өндіріс процесін қадағалайды. Тексеру ақпараттық жүйелердің — Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Энергетика министрлігінің және Өнеркәсіп министрлігінің деректеріне негізделеді”, – делінген хабарламада.
Елімізде өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылмақ. Ол осы жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Ал ертерек берілген сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды болмақ.
Тізілімге енгізу процесі қалай жүзеге асырылады? Тізілімге енгізу бірнеше кезеңнен тұрады:
1. Өтініш беру.
2. Цифрлық тексеру.
3. Өндірісті бағалау.
4. Қосу немесе бас тарту туралы шешім қабылдау.
Тізілімге тегін енгізуді қарастыру көзделген. Содан кейін кәсіпорын үш ай сайын мониторингтен өтеді. Өндіріс тоқтатылған немесе сәйкессіздіктер анықталған жағдайда оны тізілімнен шығару мәселесі қаралады. Келіспеушілік туындаған жағдайда өндіруші апелляциялық комиссияға шағымдана алады.