Қазақстандық күн батареяларының алғашқы партиясы АҚШ-қа жөнелтілді

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Qaz365.kz

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «Майами Solar» ЖШС инвестициялық жобасының жүзеге асырылуы аяқталды, деп хабарлайды Qaz.365kz.

Бұл Қазақстандағы алғашқы күн батареяларын өндіру зауыты. Мұнда жылына қуаты 100 МВт-қа дейін өнім шығаруға мүмкіндік бар. Бұл туралы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының бас директордың бірінші орынбасары Әсет Сейсенбек айтты.

Оның сөзінше, жобаның жалпы құны 1,26 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын 67 жұмыс орнын ашқан. Оның ішінде жоғары білікті инженерлер мен техникалық мамандар бар.

Компания тек күн батареяларын өндірудің озық технологияларын Қазақстанда локализациялап қана қоймай, экспорттық жеткізілімдерге де шықты. Бірінші контейнер күн батареялары АҚШ-қа Қорғас құрғақ порты мен Қытайдың Ляньюньган теңіз порты арқылы жіберілді, — деді Сейсенбек.

«Майами Solar» компаниясы шығаратын күн батареялары негізінен экспортқа бағытталған.  Нарықтағы бағыты – АҚШ және Еуропалық одақ. Құрастыру үшін жетекші еуропалық өндірушілерден заманауи технологиялар мен жабдықтар пайдаланылады: EcoProgetti (Италия) және J.v.G. technology GmbH (Германия).

Компанияның жоспарына сәйкес, жыл сайын АҚШ-қа 52,7 МВт қуатындағы күн батареялары экспортталып, бұл экспорттың жалпы құны 4,9 миллиард теңгеден асады.

Өнім американдық нарықта сұранысқа ие, әсіресе Қытайдан панельдер импортына шектеулер енгізілгеннен кейін. Қазақстандық компания осы «мүмкіндіктер терезесін» тиімді пайдаланып, тапшылық жағдайында баламалы ұсыныс жасады, — деп түсіндірді спикер.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-та Дональд Трамп әкімшілігі кезінде енгізілген сауда қорғау шаралары бар: Қытайдан келетін күн батареяларына жоғары баж салығы енгізіліп, Қытайдан тауар әкелу тиімді болмады. Бұл Қазақстанға босап қалған нарық нишасынан өз үлесін алуға мүмкіндік береді.

Зауыттың Қорғас құрғақ портына жақындығы Қытайға және одан АҚШ-қа жеткізілімдердегі логистикалық шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Негізгі маршрут — теміржол көлігімен Ляньюньганға дейін жеткізіп, одан контейнерлер теңіз арқылы Чикаго портына (Калифорния) жіберіледі.

Сонымен қатар, кейбір қиындықтар сақталады: теміржол желілеріне жоғары жүктемелер, сондай-ақ Қытай мен Қазақстан арасындағы теміржол рельсінің ені айырмашылығына байланысты контейнерлерді шекарада қайта жүктеу қажеттілігі.

Дегенмен, арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасу импортталатын компоненттер мен дайын өнімнің экспортын жылдамдатуға мүмкіндік береді, бұл жобаны әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті етеді.

Жұмыс орындарын құрудан бөлек, компания қосымша салықтар — ҚҚС және әлеуметтік аударымдар арқылы ел экономикасына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Ұзақ мерзімді перспективада жоба Қазақстанның шикізаттық емес экспорт үлесін арттыруда және елдің жасыл технологиялар саласындағы жаһандық нарықтағы позицияларын нығайтуда маңызды рөл атқаруы мүмкін.