Қазақстандықтар киетін әр 100 жұп аяқ киімнің 95-і шетелден әкелінеді

Qaz365.kz редакциясы

Аяқ киім өндірісі Қазақстанда мүлде дамымаған сала болып отыр

Фото: Pixabay.com

Қазақстан жыл сайын миллиардтарды шетелдің етігіне жұмсап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазақстанда сатылатын әрбір 100 жұп аяқ киімнің 95-і – шетелден әкелінген. Қытай, Өзбекстан, Ресей мен Түркия өндірген тауарлар отандық дүкен сөрелерін жаулап тұр. Ал қазақстандық өнім тұтынушыларға жетпей, негізінен әскери және арнайы тапсырыстарды орындаумен ғана шектелуде.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы елімізде 25,8 млн жұп аяқ киім сатылған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 45%-ға аз. Соңғы он үш жылда болмаған антирекорд — сатылым көлемі 2011 жылдан бергі ең төменгі деңгейге құлдырады. Оның ішінде 24,8 миллионы – импорт. Отандық өнімнің үлесі небәрі 4,3%.

Айта кетейік, соңғы бес жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш те – осы 4,3%. Яғни, аяқ киім өндірісі Қазақстанда мүлде дамымаған сала болып отыр.

2023 жылы отандық зауыттар 1,7 млн жұп аяқ киім шығарса, 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт төмендеп, 1 млн жұпқа әрең жеткен. Қазақстанда қанша аяқ киім өндірісі бар екені, олар нақты қандай қолдау алғаны жайлы сауал жолдағанымызда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «сала оң дамып жатыр» деген ресми жауаппен шектелді.

«Өндірістер жаңғыртылып, ассортимент кеңейіп жатыр. Кәсіпорындар саны өсуде», – дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. 

Алайда сандар мүлде басқа жағдайды көрсетіп тұр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл салаға жүйелі мемлекеттік қолдау мен нақты нарықтық стратегия қажет. Әйтпесе, қазақстандықтар әлі талай жылдар бойы шетелдің табанын тоздыруға мәжбүр болады.

Толығырақ оқыңыз: Былғары бар, табан жоқ: Қазақстанда аяқ киім өндірісі неге тоқырап тұр