«Ақша да жоқ, жер де жоқ»: Шымкенттегі жер дауына қатысты былыққа кім кінәлі?

Qaz365.kz редакциясы

Несиегерлердің міндеттемелерін орындамауына байланысты банк 2024 жылғы 12 наурызда жер учаскелерін аукционға шығарады

коллаж Qaz365.kz

2018 жылы Сыздықовтар отбасы – анасы Ұлтай Сыздықова, әкесі Уәлихан Сыздықов, ұлы Бақытжан Сыздықов және келіні Нұргүл Сыздықова – екінші деңгейлі Tengri Bank банкінен 40 және 70 сотық жер учаскесін кепілге қойып, 417 732 976 теңгеге несие рәсімдеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Несие осы отбасының үлкен ұлы Шоқан Сыздықов жалғыз құрылтайшысы және директоры болып табылатын «Pro Building» ЖШС-нің атына рәсімделеді.

Несиегерлердің міндеттемелерін орындамауына байланысты банк 2024 жылғы 12 наурызда жер учаскелерін аукционға шығарады. Отбасы мүшелері учаскелерді сауда-саттыққа шығару туралы келісімге қолдарын қойған.

Аукционда 70 сотық жер телімі Алмат Ж. деген жеке тұлғаға 817 000 000 теңгеге сатылады. Сатып алушы жер телімінің ақшасын толық төлейді. Алайда сауда-саттық өткен соң соттасу басталады. Күтпеген жерден отағасы Уәлихан Сыздықов жұбайы Ұлтай Сыздықоваға кепілді ресімдеуге келісім бермегенін айтып, мәлімдеме жасайды. Даулы іс Шымкент қалалық сотының судьясы М.Әміровтің қарауына беріледі, ол іс материалдарын Шымкент қаласындағы қолжазба сараптамасына жіберді. Сараптама рұқсат беру құжаттарына Уәлихан Сыздықовтың қол қоймағанын көрсетеді.

Көп ұзамай судья М. Әміров еңбек демалысқа шығып, істі басқа судьяға –Бектаевқа тапсырады. Ол алқалы сараптаманы басқа қалада қайтадан жүргізу туралы шешім қабылдайды. Бұл сараптаманың нәтижесі керісінше болады: яғни қолдың шынымен Уәлихан Сыздықовқа тиесілі екенін көрсетеді.

Осы кезде отбасының келіні Нұргүл Сыздықова да кепіл мүлкі бойынша құжаттарға қол қоймағанын мәлімдейді. Іс қайтадан судья М. Әміровке беріледі. Ол қолжазба сараптамасын және қойылған қолдар бойынша қайтадан сараптама жүргізу туралы шешім қабылдайды. Сараптама Астанаға жіберілді, бірақ құжаттар «сараптамаға жіберілген материалдар зерттеу жүргізуге жарамсыз» деген тұжырымдамамен кері қайтарылады. Оған себеп – қолтаңбаларды бірнеше адам қойған болуы мүмкін және оларды анықтау мүмкін емес.

Осындай мәлімдемені Ұлтай Сыздықова да жасап, кепіл бойынша құжаттарға қол қоймағанын мәлімдейді. Судья Әміров банк өкілдерінің басқа қалада немесе тіпті басқа елде сараптама жүргізу туралы өтінішіне қарамастан, Ұлтай Сыздықованың қолжазбасы бойынша сараптаманы Шымкентте жүргізуге шешім қабылдайды. Шымкент сарапшыларының қорытындысы бойынша Ұ. Сыздықованың қолжазбасын анықтау мүмкін болмайды, өйткені жасының ұлғаюына байланысты оның қойған қолы да өзгеруі мүмкін екен.

Нәтижесінде судья Әміров кепіл шарты мен кепілдік міндеттемені толық көлемде жарамсыз деп танып, Ұ.Сыздықованың талабын қанағаттандырады.

Tengri Bank тарату комиссиясы Шымкенттегі даулы жер учаскесі туралы іс бойынша соттың шешіміне қарсы талап арыз береді. Банк бұл учаскенің барлық рәсімдерді сақтай отырып, электрондық сауда-саттық арқылы заңды түрде сатылғанын айтады. Алайда бірінші сатыдағы сот мәміле жасалған соң бірнеше жыл өткенде кепілге келісім бермегенін мәлімдеген Ұлтай Сыздықованың тарапын қолдады. Банк өзінің апелляциялық шағымында сарапшылардың қателіктерін, нотариалды куәландырылған құжаттарды және талап қоюдың мерзімі өтіп кеткенін көрсетеді.

Соттың келесі отырысы 2025 жылғы 13 мамырға тағайындалды. Құрамына судьялар А. Қасенова, Б. Насердинова және Е. Сералиевалар енген апелляциялық алқа тарату комиссиясының дәлелдерін қарайды және шешім шығарады, яғни бірінші сатыдағы үкімді растайды не оның күшін жояды және учаскені сатып алу-сату мәмілесінің заңды немесе заңсыздығына құқықтық баға береді. Осы орайда назар аударатын жайт: Жоғарғы Сот судьялары Шымкент соттарында не болып жатқанын біле ме екен?

Шымкенттегі жер дауына қатысты мына сұрақтар жауапсыз қалып отыр:

Неліктен банк алдындағы міндеттемелерін орындамаған отбасы мүшелері құжаттардың астына өз қолдары қойылмағанын бірден айтпаған?

Банк жерді иелерінің рұқсатынсыз сауда-саттыққа шығара ала ма?

Даулы іс неге қайта-қайта тек судья Әміровке беріледі? Шымкентте одан басқа судьялар жоқ па?

Сондай-ақ бізді мынадай мәселе толғандырады: мұндай схема кепіл несиесін ресімдеп, кейін төлемнен жасаудан жалтаратын, содан кейін кепіл мүлкін толығымен қайтарып алғысы келетін басқа қазақстандықтар үшін теріс үлгі бола ма?

Қыруар қаржысын құйып, жеке ісін ашамын, халықты жұмыспен қамтамасыз етемін деген адал кәсіпкерлердің құқығы тапталып, алаяқтардың жолы бола бере ме? Қазақстанда заң талаптары орындалып, әділдік салтанат құратын күн қашан туады?