Шағын бизнестегі үлкен өзгерістер: Қостанай облысында кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуде

Qaz365.kz редакциясы

Қостанай облысы Жангелдин ауданында жеке кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр

Қостанай облысында кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу үшін құжаттар рәсімдеуде жан-жақты көмек көрсетіліп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz

Гранттық қолдау және әлеуметтік кәсіпкерлік
«Бір ауыл – бір өнім» және «Әлеуметтік кәсіпкер» жобалары аясында 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар қарастырылған. Аталған бағдарламалар шеңберінде ауданнан екі жеке кәсіпкер – А.Н. Сафаргалиев пен К.М. Елеуітова – әлеуметтік кәсіпкер ретінде тізілімге енгізіліп, гранттық қолдауға ие болды.
Атап айтқанда, А.Н. Сафаргалиев «CENTER OF TALENTS» көп салалы өнер орталығын ашу жобасымен 5 млн теңге көлемінде грант ұтып алды. Ал К.М. Елеуітованың «Ресторан ашу – халыққа қызмет көрсету» жобасы мақұлданып, 2025 жылдың 30 қарашасына дейін іске қосылуы тиіс.

2023 жылы Көлқамыс ауылынан ЖК «Ануар» 5 млн теңгелік грантқа ие болған «Шағын сүт цехы» жобасының салтанатты ашылуы 2024 жылдың 1 шілдесіне жоспарлануда. Ал 2025 жылы екі кәсіпкер – М. Әбенов пен Ф. Ибраев – гранттық бағдарламаға қатысуға ниет білдірді.


Ірі инвестициялық жобалар және жеңілдетілген несиелеу


Ауданның Тәуіш ауылында құны 70 млн теңге болатын «Жол бойындағы кафе» құрылысы инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары мен шатыр жабу жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың қарашасына жоспарланған.

Сонымен қатар, «Бизнес-Көмек» бағдарламасы бойынша облыстың оңтүстік өңірлеріндегі кәсіпкерлер үшін 1%-дық жеңілдетілген несие ұсынылды. Бұл мүмкіндікпен 2024 жылы Жангелдин ауданынан 9 кәсіпкер пайдаланып, жалпы 365,5 млн теңге көлемінде несие алды. Несие алушылардың 90%-ы мал шаруашылығын дамытуға бағыттаған.

2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жалпы құны 311,8 млн теңге болатын 7 жоба субсидиялауға, 151,6 млн теңгелік 4 жоба кепілдендіруге мақұлданды.

Жаңа нысандар мен ашылған кәсіп түрлері
2024 жылы аудан орталығында бос тұрған ғимараттарды жөндеп, жаңа кәсіп түрлерін іске қосу қарқын алды. Аудан кәсіпкері А. Сафаргалиев заманауи балабақша ашса, К. Түлекенов «Аяла» кафесін іске қосты. Т. Гизатуллина компьютер жөндеу шеберханасын және «Береке» азық-түлік дүкенін ашты.
Жас кәсіпкер М. Әбенов 3 бөлмелі шағын қонақ үй ашты. А.Байтұрсынұлы ауылынан Г.Шарипова шағын наубайхана іске қосты. Саға ауылдық округінде Г. Оспанова «Нан өнімінің өндірісі» жобасымен табысты жұмыс жүргізіп жатыр.


Қолдау бар – даму бар


Жеке кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға аудан тарапынан нақты қолдау көрсетіліп келеді. Жангелдин ауданында кәсіпкерлік тек табыс көзі емес, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын маңызды салаға айналып отыр.

4