Қазақстандық лоукостер Skytrax World Airline Awards 2025 жүлдесіне ие болды
Air Astana тобына кіретін қазақстандық FlyArystan лоукостері беделді Skytrax ұйымы тағайындаған World Airline Awards 2025 премиясында қатарынан үшінші рет «Орталық Азия мен ТМД-ның үздік бюджеттік әуе компаниясы» атағына ие болды. Салтанатты марапаттау рәсімі Париж — Ле Бурже халықаралық авиасалоны аясында өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жетістік — жас әуе компаниясы ұжымының жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуге қол жеткізгенінің тағы бір дәлелі.
— Бұл марапат FlyArystan командасының қажырлы еңбегін, өз ісіне, жолаушыларға деген сүйіспеншілігін, ықыласы мен сыпайылығын толықтай мойындау, — деді бортсеріктер қызметінің жетекшісі Динара Қасанова.
FlyArystan өкілінің айтуынша, компания алғашқы кезеңдерде қызмет көрсету сапасына қатысты сынға ұшыраған. Алайда соңғы уақытта жолаушылар тарапынан ризашылық білдірушілердің қатары едәуір артқан. Компания басшылығы бұл жетістікке үздіксіз оқыту процесінің арқасында қол жеткізілгенін айтады.
— Бізде оқыту ешқашан тоқтамайды. Себебі бастапқыда бортсеріктер мен қызметкерлерге дұрыс бағдар мен білім беріледі. Кейін олар осы ұстанымды — ықылас, қамқорлық пен сапалы қызмет көрсету мәдениетін — жолаушыларға жеткізеді, — деп атап өтті Қасанова.
Компания өкілдерінің айтуынша, FlyArystan-ның дамуына ықпал еткен басты факторлардың бірі — тиімді коммуникация мен қызметкерлерге деген шынайы қамқорлық.
— Басты жетістік — бұл коммуникация. Біз үнемі сөйлесіп, тәжірибе алмасып отырамыз. Бортсеріктер өз байқағандарын бізбен бөліседі. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, бәріміз жиналып, мәселені талқылаймыз, жолаушылар мен қызметкерлер үшін ең тиімді шешімді іздейміз. Себебі біздің басты көрсеткішіміз — қызметкерлеріміздің қанағаттануы. Сондықтан біз бортсеріктерге арналған жаңа бағдарламаларды, байқауларды әзірлеуді тоқтатпаймыз. Қызметкерлердің еңбекақысына қатысты бенчмарк-анализді де үнемі бақылауда ұстаймыз, — деді бортсеріктер қызметінің жетекшісі.
FlyArystan компаниясы бағыттар желісін кеңейтіп, ішкі және өңірлік нарықтағы орнын нығайтуды жалғастыруда. Алдағы мақсаттардың бірі — Қазақстан ішіндегі туристік ағынды қолдау және әуе сапарларының қолжетімділігін арттыру.
— Біздің басты мақсатымыз — қазақстандықтардың жиі, жайлы әрі қауіпсіз ұшуы. Сонымен қатар, адамдар жұмыс істегісі келетін, өз брендін мақтан тұтатын әуе компаниясын құру да біз үшін өте маңызды. FlyArystan — бұл команда. Ал біздің басты күшіміз — сол команда, — деп түйіндеді Динара Қасанова.
World Airline Awards — әлемдік авиация саласындағы ең беделді марапаттардың бірі. Оның ұйымдастырушысы — Ұлыбританиялық Skytrax агенттігі.