Мен құзіретті емеспін – министр Яндекс таксидің баға саясатына араласа алмайтынын айтты

Әдлет Нұран

Үкімет отырысында журналистер Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтан Яндекс таксидің монополиясын тоқтататын шаралар қабылдана ма деген сұрақ қойды

Ашық дереккөзден

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, ведомствода басшы ауысқанымен такси қызметіне келгенде министрліктің саясаты өзгермеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Көлік министрлігінің негізгі міндеті – жұмыс істеуге жағдай жасау, жолаушыларға қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету. Сол себепті Альфард секілді рөлі оң жақтағы көліктердің такси қызметін көрсетуіне шектеу қойылды”, – деді ол.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, такси қызметінің бағасын реттеу мәселесіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жауап береді. 

“Мен оларға бұл сұрақпен баратындай құзіретке ие емеспін. Агенттік такси қызметін көрсететін компаниялармен білуімше, меморандумға қол қойған. Біз нарықта баға арзандасын десек, қосымша компанияларды тарту керек деп санаймыз. Қазір басқа компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз”, – деді ол.

Сауранбаевдың сөзінше, Қытайдың Di-di компаниясы Қазақстан нарығына келген кезде миллиардтаған инвестициямен кірген. Сол себепті Қазақстан нарығында алып компаниялармен бәсекелесуге екінің бірі бара бермейді. Соған қарамастан өңірлерде қалыптасқан такси компаниялары бар. Алайда Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларда үлкен компаниялар жұмыс істейді.

“Қазір прибалтикалық Болт компаниясы нарыққа кіріп жатыр. Самокаттардан бастаған олар енді такси қызметін көрсетеміз деп отыр. Яндекс таксимен Индрайвер бәсеке. Яндекс такси десе де дәл қазір ең алып компания. Жалпы бұл компания маған ұнайды. Жүргізушілері де жақсы”, – деді ол.

Министрдің айтуынша, такси қызметтеріне шағым болса, ең әуелі сол қызметті көрсететін компанияға зияны тиеді.