Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанға тағы келеді

Qaz365.kz редакциясы

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Digital Bridge 2025 форумына қатысу үшін Қазақстанға келеді

Ашық дереккөзден

Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев Instagram-парақшасында хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.

Telegram платформасының негізін қалаушы әрі CEO-сы Дуров Digital Bridge 2025 аясындағы пленарлық отырысқа қатысады. Іс-шара 2 қазанда Астанада Қазақстан Президентінің қатысуымен өтеді.

Дуровтан бөлек, технология саласындағы әлемдік жетекші сарапшылар да сөз сөйлейді. Олар: Омар Султан Аль-Олама (БАӘ жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу жөніндегі мемлекеттік министрі), Илья Стребулаев (Стэнфорд профессоры), Кай-Фу Ли (Sinovation Ventures компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры) және Питер Норвиг (Стэнфорд ғылыми қызметкері, Google компаниясының зерттеу жөніндегі директоры).

Пленарлық отырыстың модераторы Solana Foundation президенті Лили Лю болады.

Сонымен қатар, 2 қазанда үздік AI-жобаларға арналған Generative Nation Pitch республикалық питч-сессиясы өтеді. Финалға өткен қатысушылар өздерінің жобаларын халықаралық сарапшыларға, инвесторларға және мемлекеттік органдар өкілдеріне таныстырады.