Оның жылдық өндірістік қуаты 70 мың автокөлікке дейін жетеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Қостанай қаласындағы KIA Qazaqstan автомобиль зауытының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жаңа кәсіпорынның іске қосылуын еліміздің машина жасау саласын дамытудағы маңызды белес деп атап өтті.
“Екі жыл бұрын Қостанайға келген сапарым кезінде KIA Sportage көлігінің өндірісі іске қосылған еді. Бүгін сол жобаның жалғасы ретінде Kia Motors корпорациясымен келісім аясында толыққанды зауыт ашылып отыр”, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма бергенін және осы бағытта халыққа жаңа мүмкіндік қарастырылғанын айтты.
“Енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі беріледі. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын”, – деді Мемлекет басшысы.
KIA Qazaqstan зауытының құрылысы туралы шешім 2023 жылы қабылданған. Кәсіпорын Қостанай индустриялық аймағында орналасқан және 62,95 гектар аумақты қамтиды. Оның жылдық өндірістік қуаты 70 мың автокөлікке дейін жетеді.
Жобаның жалпы құны 131,5 млрд теңге, ал зауытта 1500 адамға жұмыс орны ашылған. Мұнда шығарылатын көліктер Қазақстан нарығымен қатар, Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне экспортталады.