Отандық медиакомпаниялар жаңа Салық кодексіне қарсы үндеу жасады

Qaz365.kz редакциясы

Бұл мыңдаған дизайнер, видеограф, копирайтер мен шағын агенттіктер үшін корпоративтік тапсырыстардан айырылу қаупін тудырады.

Pixabay.com

Қазақстандағы 130-дан астам медиа, жарнама және креативті компания Үкімет пен Мәжіліске Салық кодексінің 286-бабын қайта қарау туралы ұжымдық үндеу жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Неге қарсы?

Жаңа нормаға сәйкес, ірі компаниялар енді жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін (жеке кәсіпкерлер, шағын студиялар, фрилансерлер) қызметтерді шығынға жатқыза алмайды.

Бұл мыңдаған дизайнер, видеограф, копирайтер мен шағын агенттіктер үшін корпоративтік тапсырыстардан айырылу қаупін тудырады.

Бұл креативті экономиканың дамуын тежейді және икемді жобалық модельді бұзады, – делінген үндеуде.

Салдары қандай болады?

* Бейнеролик, жарнама және медиа жобалары 20-30% қымбаттауы мүмкін

* Агенттіктер шығын өссе – қызметкерлерді қысқартуы мүмкін

* Фрилансерлер мен әйел кәсіпкерлер табысынан айырылады

* Қазірдің өзінде тапсырыс берушілер (мысалы, Қазмырыш, Magnum, Еуразиялық банк) шағын мердігерлермен жұмысты тоқтата бастаған

Нарықтың талабы:

1.Растайтын құжаттар болған жағдайда жеңілдетілген режимдегі серіктестермен келісімшарттарды шығынға жатқызуға рұқсат беру

2.B2B секторына арналған 6-8% салық мөлшерлемесін енгізу

3.Жаңа нормаларды кезең-кезеңімен енгізу