«Qarmet» компаниясы Ұлытау облысының дамуына 700 млн теңге бөледі

Qaz365.kz редакциясы

«Qarmet» АҚ мен Ұлытау облысы әкімдігі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құжат аясында компания 2026–2028 жылдары өңірдің әлеуметтік нысандарын жаңғырту мен инфрақұрылымын дамытуға 700 миллион теңге бағыттамақ. Бұл қаржының бір бөлігі Қаражал қаласында жаңа әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға жұмсалады.

Компания облыс аумағында темір және марганец кенін өндіретін «Өркен» ЖШС арқылы жұмыс істейді. Серіктестік аясында «Qarmet» бірнеше маңызды жобаны қолға алмақ.

Жоспар бойынша, «Балбөбек» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізіліп, қалалық коммуналдық қызметтерге арнайы техника сатып алынады. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту шаралары іске асырылады.

Бұдан бөлек, компания өңір жастарын спортқа баулуға арналған жобалар мен спорттық инфрақұрылымды дамыту бастамаларын қаржыландыруды жоспарлап отыр.