Алматыдағы Наурызбай ауданында шағын және орта бизнес өркендеп, бюджет түсімі 33 пайызға артты

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Шағын және орта кәсіпкерлік Наурызбай ауданы экономикасының қозғаушы күші болып қала бермек. Бүгінгі таңда ауданда 32 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Олардың белсенділігі нәтижесінде салық түсімі 33 пайызға артып, бюджетке 49,6 млрд теңге көлемінде қаражат түскен. Бұл көрсеткіштің 35,4 млрд теңгесі жергілікті бюджетке бағытталған. Кәсіпкерлікке жасалған қолдау шаралары нәтижесінде 7 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылып, еңбек нарығындағы ахуалды айтарлықтай тұрақтандырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аудан бюджетінің өзі де өсім траекториясына шықты. 2024 жылы бюджет көлемі 18 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол 29,7 млрд теңгеге дейін ұлғайып отыр. Қаржы көлемінің көбеюі ауданның экономикалық белсенділігінің нығайғанын және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді.

Наурызбай ауданы тек инвестиция мен кәсіпкерлік жағынан ғана емес, қоғамдық кеңістіктерді дамытуда да жаңа қарқын алып келеді. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы тұрғындар ұсыныс жасаған 1 370 бастаманың ішінен 34 жоба таңдалып, оларды жүзеге асыруға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл тұрғындардың жергілікті басқару ісіне белсенді қатысуының көрінісі ғана емес, сонымен бірге қаланың әлеуметтік орта сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Қазіргі таңда абаттандыруға арналған 16 жоба, қоғамдық кеңістік құруды көздейтін 9 жоба және аула аумақтарын жаңартуға бағытталған 6 бастама жүзеге асырылып жатыр. «Шұғыла» тұрғын үй кешенінде жаяу жүргіншілер аймағының жаңаруы, балалар алаңы мен демалыс аймақтарының салынуы – аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыра түсетін мысалдардың бірі. Сонымен қатар Тастыбұлақ өзенінің бойында ұзындығы 1,4 шақырымдық жағалауды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, бұл болашақта ауданның рекреациялық әлеуетін күшейтеді.

Алдағы уақытта абаттандыру жұмыстарымен Абай даңғылы мен бірқатар ірі көшелер қамтылмақ. Бұл бағыттағы жаңарту жобалары көлік және жаяу жүргінші инфрақұрылымын жақсартуға, экологиялық жағдайды оңайтуға және ауданды жалпы қалалық жүйеге тиімді түрде біріктіруге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Наурызбай ауданы Алматы қаласының жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналу мүмкіндігіне ие. Инвестициялық тартымдылықтың артуы, кәсіпкерлік белсенділіктің күшеюі, инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктердің жаңаруы ауданның ұзақ мерзімді дамуына жол ашып отыр. Егер жоспарланған жобалар жүйелі жүзеге асатын болса, Наурызбай жақын жылдары Алматының ең жылдам дамып жатқан ауданына айналуы әбден мүмкін.