Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтары мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жаңа Салық кодексіне қатысты бизнес алаңдаушылықтарына арнайы тоқталды. Президент кәсіпкерлерден келіп жатқан өтініштердің мазмұны белгілі екенін атап өтіп, Үкіметке оларды талдап, әділ шешім қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Маған бизнес тарапынан жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыру мәселесіне қатысты өтініштер түсіп жатыр. Өтініштердің мазмұны баршаға мәлім, олар бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Үкімет оларды мұқият саралап, ақылға қонымды шешім табады деп ойлаймын. Анығын айтқанда, басқа жол жоқ. Бұл – мемлекеттік ауқымдағы міндет», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болуы аса маңызды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртуы тиіс.
Президент екіжақты жауапкершілікті де атап өтті:
– Мемлекет қолайлы іскерлік орта қалыптастыруы керек;
– Бизнес салықтан жалтармай, заң аясында жұмыс істеуі тиіс.
Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, цифрлық құралдарды енгізу кәсіпкерлерді алаңдатып отырған бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді.
2026 жылы Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі және Тауарлардың ұлттық каталогы іске қосылады. Бұл тетіктер мемлекеттік сатып алуда орын алатын әділетсіз артықшылықтарды жоюға бағытталған.
Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» ұлттық палатасына жылдың соңына дейін бизнеске залал келтірмейтін жаңа түзетулерді әзірлеуді міндеттеді.