«1,3 миллион адам зардап шегуі мүмкін»: бизнес өкілдері салықтық шегерімдерді шектеуге қарсы шықты

Qaz365.kz редакциясы

Астанада жаңа Салық кодексі жобасындағы нормаларды талқылауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шараны кәсіпкерлер мен салық саласының сарапшыларын біріктіретін Салық альянсы ұйымдастырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Баспасөз мәслихатына кәсіпкер, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова, Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығы басқарма төрағасы, Салық альянсының мүшесі Сәкен Қарин, фармацевтика саласындағы кәсіпкер Самат Исабаев және өзге де сарапшылар қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – арнайы салық режимін (АСР) қолданатын кәсіпкерлер мен жалпыға бірдей белгіленген режимдегі (ЖБР) компаниялар арасындағы операциялар бойынша салықтық шегерімдерге тыйым салу туралы ұсыныс болды. Салық альянсының бағалауынша, бұл норма жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін шамамен 400 мың шағын және орта бизнес субъектісіне әсер етуі мүмкін. Бұл «жеңілдетілген» режимдегі барлық кәсіпкерлердің 40 пайызына жуық.

Сонымен қатар, ЖБР-де жұмыс істейтін және шағын бизнеспен өндірістік, сауда және сервистік тізбектер арқылы байланыс орнатқан 155 мыңнан астам компания да теріс ықпалға ұшырайды. Сарапшылардың айтуынша, АСР-дегі 400 мың кәсіпкердің артында 968 мың жалдамалы қызметкер тұр. Осылайша, ықтимал салдар кемінде 1,36 миллион экономикалық белсенді азаматты – кәсіпкерлер мен олардың қызметкерлерін қамтуы мүмкін.

Салық альянсының өкілдері жаңа Салық кодексі жобасындағы бірқатар норма негізгі құқықтық қағидаттарға қайшы келіп, экономиканың формалды секторы үшін жүйелі тәуекелдер туындататынын мәлімдеді. Атап айтқанда, ЖБР-дегі компаниялардың АСР қолданатын контрагенттермен жұмыс істеу кезінде шығындарды шегерімге жатқызуға тыйым салу, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР-ді қатар қолдануға қойылатын шектеулер сынға алынды.

Жанар Сүлейменованың айтуынша, егер шегерімдерге тыйым салу нормасының өзі заңсыз болса, оның мақсаттары мен уәждерін талқылаудың мәні жоқ. Ол бұл норма салықтық бейтараптық, субъектілер теңдігі және құқықтық айқындық қағидаттарын бұзатынын, сондықтан фискалдық мүдделермен ақтауға келмейтінін атап өтті.

Сарапшылар сондай-ақ ұзақ мерзімді салдарларға назар аударды. Олардың қатарында шаруашылық келісімшарттардың үзілуі, шағын бизнестің баламалы режимдерге кетуі, компаниялардың жасанды түрде бөлшектенуі, инвестициялардың қысқаруы және салық жүйесіне деген сенімнің төмендеуі бар. Бұл әсерлер кейінірек көрініс беріп, тіпті норма кейіннен жойылған жағдайда да толық өтелмеуі мүмкін екені айтылды.

Сәкен Қарин даулы нормаларды шұғыл түрде қайта қарап, жеңілдетілген декларация негізінде АСР қолданатын салық төлеушілерден тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған шығындар бойынша салықтық шегерім құқығын қалпына келтіру қажеттігін айтты.

Ал Самат Исабаевтың пікірінше, шегерімдерге тыйым салу заңбұзушылық мәселесін шешпейді, керісінше формалды бизнестің шығындарын арттырып, қалыптасқан шаруашылық байланыстарды бұзады және бағаның өсуіне алып келеді.

Баспасөз мәслихатының қорытындысы бойынша Салық альянсының қатысушылары бұл нормалар түзетуге жатпайтынын және жаңа Салық кодексі жобасынан толықтай алып тасталуы тиіс екенін мәлімдеді. Олардың ұсынысы – инвестициялық ахуал мен экономиканың тұрақтылығына қауіп төндірмей, бизнес пен қоғаммен ашық диалогқа негізделген, экономикалық тұрғыдан дәлелденген реттеу тетіктерін әзірлеу.