Кәсіпкерлер шетелге кетіп жатыр ма: Қаржы министрі пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы
primeminister.kz

Қаржы министрі Мәди Такиев жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты қазақстандық кәсіпкерлердің бизнесті шетелге көшіруі туралы ақпараттарға пікір білдірді. Министрдің айтуынша, мұндай мәлімдемелер шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәди Такиев Мәжіліс кулуарында сөйлеген сөзінде бизнес өкілдерінің жаппай елден кетуіне қатысты нақты деректер жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, қоғамдық кеңістікте айтылып жүрген уәждер негізсіз.

– Ондай көшу жоқ. Бұл туралы айтылып жүрген пікірлерді мен ойдан шығарылған дәлел деп есептеймін. Себебі мұнда көптеген нюанс бар. Басқа елдерде салық төмен деген әңгімелер шындыққа сәйкес келмейді. Ол жақта да салық шектері, айналым көлемдері бар, бизнес жүргізу шарттары шамалас, – деді министр.

Қаржы министрінің айтуынша, кәсіпкерлер бизнесті шетелге көшірген жағдайда да қосымша салықтық міндеттемелерге тап болады. Өйткені олардың өмірлік және экономикалық мүдделерінің орталығы Қазақстанда қала береді.

– Егер олар көшсе, біздің салық төлеушілер болғандықтан және олардың өмірлік мүдделерінің орталығы осы елде орналасқандықтан, қосымша салықтар туындайды. Сондықтан бизнестің басқа елге көшуі тиімсіз деп санаймын, – деп атап өтті Мәди Такиев.