Қазақстанда 2026 жылға дейін патент немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер (ЖК) өзге арнайы салық режиміне өтпеген жағдайда автоматты түрде тіркеу есебінен шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады Qaz365.kz.
1 қаңтардан бастап елде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Құжатқа сәйкес, бірқатар арнайы салық режимі жойылды. Осыған байланысты бұрын жойылған режимдермен жұмыс істеген кәсіпкерлер 2026 жылғы 1 наурызға дейін жаңа салық режимін таңдап, рәсімдеуі тиіс.
Комитеттің мәліметінше, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға ниетті, бірақ тиісті хабарлама жолдамаған кәсіпкерлер 2026 жылдың көктемінен бастап автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне ауыстырылады. Бұл ретте жаңа тәртіптің басталу күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Ал патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеп келген және басқа арнайы салық режиміне өтуді рәсімдемеген жеке кәсіпкерлер автоматты түрде есептен шығарылады.
Сондай-ақ МКК кейбір кәсіпкердің жаңа режимге көшу туралы өтініштерді 2025 жылы қате жолдағанын атап өтті. Мұндай өтінімдер қаралмайды. Сондықтан салық режимі туралы хабарлама жолдамаған немесе оны 2025 жылдың соңында тапсырған азаматтарға өтінішті қайта жолдау қажет.
Хабарламаны 12 қаңтардан бастап салық төлеушінің жеке кабинеті, E-Salyq Business мобильді қосымшасы, мемлекеттік кірістер басқармалары немесе кейбір банктердің қосымшалары арқылы беруге болады.
Жеке кәсіпкерлік тіркеуі тоқтатылғаннан кейін азаматтар қызметін өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесінде жалғастыра алады. Бұл жағдайда олар салықтан босатылып, тек 4% көлемінде әлеуметтік төлемдер төлейді. Жекелеген санаттар үшін мөлшерлеме 3%, ал кейбір азаматтар төлемдерден толық босатылады.
МКК дерегінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі экономиканың жекелеген салаларында ғана қолданылады және алғашқы төлем түскен сәттен бастап автоматты түрде іске қосылады. 2026 жылдың алғашқы 10 күнінде бұл мәртебені шамамен 66 мың азамат алған.