Қанат Шарлапаев «Атамекен» Ұлттық палатасының төрағасы болып сайланды

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атамекен президиумының төрағасы қызметіне бұрынғы Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаев сайланды. Ол бұл қызметте кәсіпкер Райымбек Баталовты алмастырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кадрлық шешімдер жұма күні өткен «Атамекеннің» XIII съезінде қабылданды. Жиын баспасөз үшін жабық форматта өтті. Ақпаратты палата баспасөз қызметі мен съезге қатысқан бизнес өкілдері растады.

44 жастағы Қанат Шарлапаев Ресейде дүниеге келген. Ол Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған, сондай-ақ Ұлыбританиядағы Cranfield School of Management оқу орнында қаржы және менеджмент бағытында білім алған.

Еңбек жолында Чехия мен Лондонда жұмыс істеген. 2015–2020 жылдары «Ситибанк Қазақстанда» аға вице-президент қызметін атқарды. 2022–2023 жылдары «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингін басқарды, кейін Индустрия және құрылыс министрі болды. 2025 жылдың қыркүйегіне дейін Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметін атқарған.