Мен – Қазақстан азаматымын, өз өнімімді шығарамын. Менің ойымша, Еуразиялық экономикалық одақ елімізді төменге тартып барады
Қазақстандық кәсіпкер Игорь Рыбин еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуын ашық сынға алып, одақ Қазақстанға уәде етілген экономикалық тиімділікті әкелмегенін, керісінше ұлттық бизнес пен мемлекеттің мүмкіндіктерін әлсірететінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Рыбиннің сөзінше, ЕЭО туралы әңгіме қазір тыйым салынған тақырып болудан қалды. Бұл мәселені ашық талқылау қажет. Өйткені интеграцияның салдары тікелей елдің экономикасына және кәсіпкерлердің күнделікті жұмысына әсер етеді.
«Мен – Қазақстан азаматы және өз өнімімді шығарушымын. Менің ойымша, ЕЭО елімізді төменге тартып барады. Бұл одақ мәселесін талқылау керек. Өйткені оның бағасын бизнес, азаматтар және экономика төлеп отыр», – деді кәсіпкер.
Ол Еуразиялық экономикалық одақты Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастағанын еске салып, елдің қосылу туралы шешімі кең талқылаусыз және ұзақ мерзімді салдарын талдамай қабылданғанын атап өтті.
«Он жылдан астам уақыт өтті. Қазақстанға уәде етілген нәтиже қайда?» – деп сұрады Рыбин.
Кәсіпкер саудадағы теңсіздікке назар аударып, Қазақстан ЕЭО елдерінен көп импорт жасайтынын, ал экспорт көлемі әлдеқайда аз екенін айтты. Сонымен қатар, негізгі сауда серігі Қазақстан нарығына дайын өнімді жеткізсе, Қазақстан тек шикізат пен жартылай дайын тауарлармен шектеледі.
«Бұл интеграция емес. Бұл – сату нарығындағы рөл», – деді ол.
Рыбиннің пікірінше, қазақстандық өз өнімін шығарушылар одақтағы елдердің компанияларымен тең жағдайда бәсекеге түсе алмайды. Өйткені сол компаниялар нарыққа мемлекеттік субсидия, арзан қаржы және ірі өндіріс көлемімен шығады. Мұндай жағдайда тең бәсеке туралы айту мүмкін емес. Кәсіпкер экономикалық тәуелсіздік мәселесіне де тоқталып, ЕЭО-ға қосылу елге кедендік және өнеркәсіптік саясатты өз бетімен жүргізуге шектеу қоятындығын айтты.
«Бұл елдің азаматы ретінде маған ұнамайтыны – Қазақстанның экономикасына қатысты шешімдер тек Астанада емес, басқа елдерде де қабылданатыны», – деді ол.
Сонымен қатар, Рыбин Қазақстанның одаққа қосылуын санкциялық қауіптердің өсуімен байланыстырады. Ел халықаралық қақтығыстардың бастаушысы болмаса да, интеграциялық міндеттемелерге байланысты олардың зардаптарын тартатынын атап өтті.
«Біз басқа елдердің қақтығысы үшін ақша төлейміз. Банктеріміз қысым көреді, есеп-қисап күрделенген, шетелдік серіктестер күмәнмен қарайды», – деді кәсіпкер.
Өнеркәсіптік серпілістің болмауына назар аудара отырып, ол ЕЭО-ға қосылған жылдары Қазақстан экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгермегенін, уәде етілген индустрияландыру әлі де жүзеге аспағанын айтты. Басқаша жол ретінде Рыбин Қазақстанға Қытай, Түркия және Өзбекстанмен саудасын арттыруды ұсынды. Оның сөзінше, бұл елдермен серіктестік тәуелсіздікті жоғалтпай және қосымша қауіпсіз орнатылып жатқанын жеткізді.
«Мен сауда мен ынтымақтастыққа қарсымын деп айтпаймын. Мен Қазақстанды әлсірететін одаққа қарсымын. Егер одақ ел мүддесіне қызмет етпесе, оған қосылу мәселесін қайта қарау керек және қоғаммен ашық сөйлесу қажет», – деп сөзін түйіндеді кәсіпкер.