Салық төлемегендердің шоты қандай жағдайда бұғатталады

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) 2026 жылдың қаңтарынан бастап салық берешегі бар борышкерлердің банктік шоттарын бұғаттаудың жаңа жүйесін енгізді. Бұл туралы МКК Аудит департаментінің басшысы Қайсар Арын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа ережеге сәйкес, мәжбүрлеп бұғаттау шаралары қарыз сомасына байланысты бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады:

Салық берешегі 20 АЕК-тен асқанда

Егер салық бойынша қарыз көлемі 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асса, салық органы алдымен борышкерге хабарлама жібереді. Содан кейін банктік шоттардағы шығыс операциялары бұғатталып, инкассолық өкімдер қолданыла бастайды.

Салық берешегі 45 АЕК-ке дейін және одан асқанда

Қарыз сомасы 45 АЕК-ке дейінгі аралықта болса, тек жоғарыда аталған шектеу шаралары (хабарлама, бұғаттау және инкассо) қолданылады.

Ал берешек сомасы бұл межеден асып кетсе, Департамент қосымша қатаң шараларға көшеді:

  • Қарызды дебиторлардан өндіріп алуды бастайды;

  • Мүлікті сипаттау актісін жасап, мүлік пен акцияларды сатылымға шығарады;

  • Егер бұл шаралардан кейін де қарыз өтелмесе, салық төлеуші сот арқылы банкрот деп танылады.

Бұл өзгерістер салықтық тәртіпті нығайтуға және бюджет алдындағы берешектерді тиімді өндіруге бағытталған.