Соңғы он жылда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қоры - «Samruk-Kazyna Trust» еліміздің барлық өңірінде ауқымды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырды. 2016–2025 жылдар аралығында жалпы сомасы 124,1 млрд теңгені құрайтын 434 әлеуметтік жоба іске асырылып, олардың аясында 274 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әлеуметтік жобалар 11,5 миллионнан астам адамды қамтыды. Оның ішінде 3,2 миллионнан астамы — балалар, ал 2,1 миллионы — ауылдық жерлердің тұрғындары. Бастамалар әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділігі шектеулі өңірлерде жүзеге асырылып, әлеуметтік қызметтерді жүйелі түрде кеңейтуге бағытталды.
Он жыл ішінде Қазақстанда оңалту және инклюзивті орталықтардың, инклюзияны қолдау кабинеттерінің, спорт кешендерінің, музейлер мен кітапханалардың, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының, креативті хабтардың, сондай-ақ мыңнан астам көпфункционалды ойын және спорт алаңдарының желісі қалыптасты. Бұл нысандар қалалар мен ауылдарда әлеуметтік белсенділік пен көмектің тұрақты инфрақұрылымына айналды.
Аталған әлеуметтік нысандар жобалар аяқталғаннан кейін де өз жұмысын жалғастырып, ұзақмерзімді әлеуметтік әсер мен көмекті алушылардың тұрақты қамтылуын қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым жыл сайын кеңейіп, жаңа нысандар пайдалануға берілуде. Бұл өз кезегінде өңірлерде оңалтуға, білімге, спортқа және әлеуметтік қолдауға қолжетімділікті кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.