Қазақстанда микро және шағын бизнес субъектілері үшін өсім (пеня) мен айыппұлдарды есептен шығару тәртібі бекітілді. Тиісті Ережені ҚР Қаржы министрлігі қабылдап, құжат 2026 жылғы 13 ақпанда Әділет министрлігінде №37975 нөмірімен тіркелді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа нормалар негізгі салық берешегі толық төленген жағдайда, салынған санкцияларды есептен шығаруға мүмкіндік береді. Бұл шара кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтуға және жиналып қалған берешектерді қосымша шығынсыз реттеуге бағытталған.
Амнистияның негізгі шарттары:
Төлем мерзімі: Кәсіпкер 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша есепте тұрған негізгі қарызын (бершек) 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтеуі тиіс.
Не есептен шығарылады: Негізгі борыш толық төленсе, оған есептелген барлық өсімдер (пеня), соның ішінде төлем жасалған күнге дейін жиналғандары да жойылады. Сондай-ақ, берешегі өтелген салықтар мен міндетті төлемдер бойынша салынған айыппұлдар да есептен шығарылады.
Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдік: 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС есебіне тұрмаған кезеңдегі айналымдар үшін салынған айыппұлдар да жойылуы мүмкін. Бұл жағдайда көрсетілген күнге дейін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмаған болуы шарт.
Кәсіпкерлер бұл тетікті пайдалану үшін 2026 жылғы 31 наурызға дейін негізгі борышын толық жабуы қажет. Бұдан кейін мемлекеттік кірістер органдарының арнайы комиссиялары дербес шоттарды тексеріп, санкцияларды есептен шығару процедурасын автоматты түрде жүргізеді.
Бұл ережелер бизнестің ескі міндеттемелерін қаржылық шығынсыз жабуға, қарыз жүктемесін жеңілдетуге және санкциялардың одан ары өсу қаупінсіз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.