1 наурыздан бастап қазақстандық лоукостер FlyArystan әуекомпаниясының президенті лауазымына Йохан Эйдхаген кіріседі. Бұл туралы «Эйр Астана» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Йохан Эйдхаген бұған дейін венгриялық Wizz Air әуекомпаниясында, соның ішінде Абу-Дабидегі филиалының басқарушы директоры қызметінде мол тәжірибе жинақтаған.
«Йоханның лоукостер саласындағы білімі FlyArystan-ның өсу әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді. Оның басшылығымен технологиялық инновациялар мен қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары жанданады», — деп атап өтті Air Astana бас директоры Питер Фостер.
Бұрынғы басшы Ричард Леджер «Эйр Астана» АҚ-ның серіктестіктер мен альянстар жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды.
Бұл тағайындау әуе компаниялары тобындағы ауқымды кадрлық реформаның бір бөлігі. Питер Фостер 2026 жылдың наурыз айының соңында қызметінен кетеді. Оның орнын 2003 жылдан бері компанияда еңбек етіп келе жатқан Ибрахим Жанлыел (сәуір айында) басады. Наурыз айында қаржы директоры лауазымына Гонсало Пирес келеді.
Питер Фостер жаңа басшылар құрамы компанияның ұзақ мерзімді даму стратегиясын сәтті жүзеге асыратынына сенім білдірді. FlyArystan – «Эйр Астана» компаниясына тиесілі Қазақстандағы алғашқы бюджеттік әуе тасымалдаушысы. Жаңа басшылық алдында тиімді баға мен жайлылық теңгерімін сақтай отырып, компанияның нарықтағы үлесін арттыру міндеті тұр.