Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Group of the Companies TDA компаниясын банкрот деп тану туралы өтінішті қанағаттандырмады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Курсивке сілтеме жасап.
Компанияның тең иелері – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған әпкесі Әнипа Назарбаева және оның серіктесі Әли Қылышбаев. Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 16 қаңтардағы жағдай бойынша компанияның бюджет алдындағы салық және өзге де міндетті төлемдер бойынша берешегі 99,2 млрд теңгені құрайды.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында тіркелген компания көтерме саудамен айналысқан. Компания өкілдері сотқа жүгініп, қаржылық мүмкіндігінің болмауына байланысты салық қарызын өтеуге қабілетсіз екенін айтып, банкрот деп тануды сұраған.
Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі кредитор ретінде бұл өтінішке қарсы болмаған. Компания мүддесін сотта оның басшысы әрі тең иесі Әли Қылышбаев қорғаған.
Алайда ол кейінгі сот отырысына келмеген. Сонымен қатар уақытша басқарушы компанияның қаржылық тұрақтылығына қатысты қорытынды жасау мүмкін болмағанын хабарлаған.
Сот қолданыстағы заңнамаға сәйкес борышкерді банкрот деп тану үшін екі шарт — тұрақты төлем қабілетсіздігі және қаржылық дәрменсіздік дәлелденуі тиіс екенін атап өтті.
Мемлекеттік кірістер органдары салық қарызын өндіріп алу үшін шаралар қабылдағанымен, нәтиже болмаған. Сондай-ақ компания соңғы үш жылдағы бухгалтерлік құжаттарды және банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынбаған.
Қаржылық және салықтық есептердің болмауына байланысты сот компанияның нақты дәрменсіздігі дәлелденбеген деген қорытындыға келіп, банкрот деп тану туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Бұған дейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша компанияның мемлекетке 92,3 млрд теңге салық қарызы бар екенін хабарлаған.
Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылдың шілдесінде Алматыда Қытайдан тауар контрабандасы және жалған шот-фактура жазу ісі бойынша сот үкімі шыққанын мәлімдеген.
Тергеу деректеріне сәйкес, Group of the Companies TDA Қытайдан халық тұтынатын түрлі тауар тиелген 100 контейнерді заңсыз әкелген. Компанияға қарасты 10 кәсіпорын арқылы жалған шот-фактуралар рәсімделген.
Мемлекетке қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша келтірілген шығын 10 млрд теңгені құраған. Тергеу барысында 643 млн теңге мемлекетке қайтарылған.
Сот санкциясымен 1,3 млрд теңгенің тауарлары мен 300 млн теңгенің мүлкіне (жер телімдері мен автокөліктер) тыйым салынған.