"Хан Шатыр" ғимаратының сатылатыны жөнінде жарнама пайда болды

Qaz365.kz редакциясы

Ойын-сауық орталығы 2010 жылы ашылған

Фото: Википедия

Танымал krisha.kz сайтында Астанадағы “Хан Шатыр” ғимаратының сатылатыны жөнінде жарнама пайда болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сатушы осы ғимараттың иесі ретінде жарнама жариялаған.

“Нұрa ауданында орналасқан, жеке тұрған, еркін мақсаттағы ғимарат сатылады. Ғимараттың жалпы ауданы – 15 800 м², оның ішінде паркинг – 800 м². Сонымен қатар ашық автотұрақ бар, ғимараттың периметрі бойынша қоршау орнатуға мүмкіндік қарастырылған. Барлық сұрақтар кездесуде талқыланады. Қоңырауға жауап бермесем, хабарлама жазыңыз. Риелторлармен жұмыс істемеймін!” – делінген жарнамада.

Хан Шатыр – шатыры бар әлемдегі ең үлкен ғимараттардың бірі саналады. Forbes Style журналының нұсқасы бойынша әлемнің үздік экологиялық ғимараттарының ондығына енген, сондай-ақ Guinness World Records кітабына тіркелген.

Ғимаратты атақты сәулетші Норман Фостердің архитектуралық бюросы жобалаған. Құрылыстың пішіні алып шатырды еске салады, биіктігі – 150 метр (шпильімен қоса). Нысан болат тростардан құралған кең ауқымды тор жүйесі арқылы тұрғызылған, оның үстіне ішкі кеңістікті температураның күрт ауытқуларынан қорғайтын әрі жайлы микроклимат қалыптастыратын мөлдір полимер жабыны бекітілген.

Ойын-сауық орталығы 2010 жылы ашылған.