Қайрат Шәріпбаев компанияның қаржысына элиталық пәтер тұрғызып, оны жақындарына таратып бермекші болған
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешов Ulysmedia-ға берген сұхбатында бұрынғы басшы Қайрат Шәріпбаевтың кейбір заңсыздықтарының шет жағасын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шәріпбаевтың тұсында әртүрлі жағдайлар болған. Туыстарын да жұмысқа алған. Шыны керек, заңбұзушылықтары болғаны жасырын емес. Ондай адамдармен еңбек келісімшартын бұздық. Енді жаңа командамызбен жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Санжар Жәркешов.
Ол компанияның балансында Алматының қақ ортасында Premium класындағы тұрғын үй кешені бар екенін еске салып өтті.
Осындай Premium санаттағы пәтердің шаршы метрін 300 мың теңгеге, 30 жылға бөліп-төлеуге (рассрочкаға) береміз десе аласыз ғой. Керемет ұсыныс. Ондай пәтерді елдің бәрі алғысы келеді. Бірақ шын мәнінде нарықтағы бағасы одан жоғары екенін жақсы түсінесіз. Ал ол арзан бағаға таратып бермекші болған. Енді, міне, сол тұрғын үй бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біраз адам табылды. Көбінесе, өзінің туыстарына (Шәріпбаев -тілші), достарына және компанияда істемейтін адамдарға да бермекші болған екен, - дейді «QazaqGaz» төрағасы.
Ол сондай адамдармен еңбек шартын тоқтатып, кейбіріне қылмыстық іс қозғалғанын айта кетті.
Еске салып өтсек, Қайрат Шәріпбаевты ақпарат құралдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі деп атайды. Ол қаңтар оқиғасынан кейін QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметінен кеткен. Былтыр Санжар Жәркешов компанияда 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзу деректері табылғанын мәлім еткен болатын.