Түркістан облысында «Сыбаға» бағдарламасымен несие алғандар кепіл мүлкінің құжатын қайтара алмай жүр

Qaz365.kz редакциясы

Жұрттың құжатын алып, аграрлық несие корпорацияға берген жекеменшік мекеме басшылары қазір істі болып жатыр

Ашық дереккөздерден

Түркістан облысында «Сыбаға» бағдарламасымен несие алғандар енді кепіл мүлкінің құжатын қайтара алмай жүр. Шаруалар мал алу үшін баспана құжатын кепіл ретінде жекеменшік делдал мекемелерге берген. Олар сол қағаздарды аграрлық несие корпорациясына тапсырыпты. Бірақ несие қарызын толық өтеген кәсіпкерлер енді бірнеше жылдан бері құжатын ала алмай отыр. Ал оның себебін нақты түсіндіріп беретін ешкім жоқ, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Түркістан облысындағы ауыл халқы бірнеше жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасымен мал алу үшін 10 миллион теңгеге дейін несие алған. Кепіл ретінде үй құжаттарын аграрлық несие корпорациясынан ақша алып беруге тиіс жекеменшік мекемеге өткізіпті. Жүздеген шаруа қарызынан уақтылы құтылғанымен, құжат сол күйі қайтпаған. Сөйтсе, делдал мекемелер несиені жеке тұлғаға емес, 5-6 адамды біріктіріп берген. Енді солардың бесеуі несиесін төлеп, біреу қарыз болғаны үшін құжатын ала алмай отыр.

 «Атабай несие бізге 2 миллиард 200 миллион қарызы бар, бізге кепілдің бәрін төлеп болғаннан кейін барып береміз дейді. Ал қазір 500-дей адам бар деп жатыр. Соның қазір жүздейі жиналып тұр. Бүгінде 150 ЖК бар екен. Әрқайсысында төрт адам болғанның өзінде, шамамен 500 адам бар. Соның құжатын бермей жатыр. Бермей жатқан себебі, салықтағы есебі жабық, сол ашылса, оларды сотқа беріп, содан құтылған соң береміз дейді. Біреулердің қарыздан құтылмағанының бізге не қатысы бар?» - дейді Бақыт Құрманбаев.

 Несиесін жауып, құжатын ала алмай жүргендер енді үйімізден айырылып қаламыз ба деп қорқады. Құжаты болмаған соң, не үйін сата алмайды, банктен несие де ала алмайды. Тіпті ауылға келген газдың өзін кіргізе алмай отыр. Шаруалардың шағымданып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.

Құжатын даулаған жұрт Аграрлық несие корпорациясының кеңсесіне барды. Бірақ, мұндағы басшылар шаруалар келісімшартқа жекеменшік мекемемен отырған дейді. Сондықтан қарыз толық өтелмейінше, құжат қайтарылмайды деп отыр.

 «Бүкіл құжатты тапсыру керек. Қандай, не істеліп жатыр, кім қайтарды, кім қайтарған жоқ – анықтау керек», - деді Аграрлық несие корпорациясы АҚ Түркістан филиалының директоры Фурқат Миркаримов.

Жұрттың құжатын алып, Аграрлық несие корпорацияға берген жекеменшік мекеме басшылары қазір істі болып жатыр. Сондықтан  есепшоты бұғатталған.

«Сотқа беруіміз керек. Ол үшін біздің есеп ашылу керек. Сосын сотқа беріп, кепілін шығарып береміз. Ауыл шаруашылық басқармасы біздің есепті арестке қойған. Өткен субсидияны заңсыз деп тағайындады, сот арқылы арестке қойған», - дейді «Яссы» несие мекемесінің әкімшісі Айбек Омаров.

Мәселе «әне-міне шешіледі» деген корпорация мен делдал компаниялардың жылға тәрта  уәдесіне сенуден шаршаған жұрт құжат қайтпайтынына көзі жеткен сияқты. Сондықтан бұл жолы бәрі Түркістан облысының прокуратурасына барды. Қадағалаушы орган құжат алғандар мен қаржы бергендерді толық тексерсін дейді жиналғандар.