Бір миллион адамды жұмыспен қамтимыз деген Көлгіновтің ойы бір айда өзгерді

Qaz365.kz редакциясы

Ол елдегі еңбек нарығындағы жағдайдың мәз емес екенін айтты

orda.kz

Вице-премьер Алтай Көлгінов елдегі еңбек нарығындағы жағдайдың мәз емес екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үкімет басшысының орынбасары «Astana polytechnic» жоғары колледжі алаңында ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің басқарушы комитетінің отырысын өткізген. Сол жерде осы мәселені көтерді. 

«Қазіргі уақытта еңбек нарығында бірқатар проблема бар. Біріншісі – кадр сапасының төмендігі. Екіншісі – білікті мамандарды жұмысқа алғысы келетін жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеруге мүдделі болмай отыр. Үшіншісі – оқу орындары түлектерінің білім деңгейінің төмендігі. Бұл мәселелер жақын арада ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді», –  деді Алтай Көлгінов.

Ол сондықтан әлемдік тәжірибеге сай, жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру жүйесін қайта форматтау қажет деп айтты.

Көлгінов еңбек нарығының қарқыны жыл сайын төмендеп келе жатқанын айтты. Есесіне, 300-400 мың жас жұмыс іздейді деп айтты.

«Жұмыс орындарының жартысы өнімділігі төмен, мемлекет басқаратын салаларда. Ересек халықты өмір бойы білім алуға тарту деңгейі төмен. Мұның бәрі жұмыссыздық пен кедейліктің өсуіне, кадрлардың кетуіне және адами капитал әлеуетінің төмендеуіне әкеледі», –  дейді вице-премьер.

Ол мемлекет кадрлар тапшылығы бойынша көрсеткішті анықтайды, жұмыс берушілер өздеріне қажет мамандардың біліктілік, білім, дағдылар деңгейін белгілейді деп айтты.

Бір қызығы, Көлгінов сәуір айында жыл аяғына дейін миллион қазақстандық жұмыспен қамтылады деген болатын.

«Үкімет халықтың табысы бағдарламасын республикалық және өңірлік деңгейлерге бөле отырып жаңартты. Әкімдіктер жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламаларын қабылдады. Нәтижесінде жыл аяғына дейін бір миллионға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдарға жұмысқа орналастыру карталарын сапалы енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін инвесторлармен тығыз жұмыс жасау тапсырылды», –  деген болатын Көлгінов Тоқаевтың қатысуымен өткен жиында.