Агенттік Jusan Bank активтерінің қайтарылуына байланысты мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Банк ең ірі банктердің үштігіне кіреді

Руслан Пряников

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Jusan Bank-тің орнықтылығы мен сенімділігі жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Банкті бақылауды Қазақстан Республикасының юрисдикциясына қайтару банктің одан әрі дамуына және оның стратегиялық міндеттерін табысты іске асыруға оң әсер етеді. Бүгінгі күні банк банктік қызметтер нарығындағы негізгі орнын сақтап отыр, меншікті капитал мөлшері бойынша ең ірі банктердің үштігіне және банк секторындағы активтер бойынша 6 жетекші банк қатарына кіреді», - делінген хабарламада. 

Агенттіктің  келтірген мәліметтеріне сүйенсек, өтімді активтердің үлесі банктің барлық активтерінің (2,6 триллион теңге) 46%-ына немесе 1,2 триллион теңгеге тең, бұл банкке өз міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

«Жеке және заңды тұлғалардың салымдары 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 1,3 триллион теңгені құрады. Бұл ретте жеке тұлғалардың салымдарын өтімді активтермен өтеу – 194%. Бұдан басқа, банк ықтимал кредиттік шығындарды игеру үшін резервтердің жоғары деңгейін қалыптастырды – банктің резервтері 296 миллиард теңгені құрайды, NPL қарыздарын өтеу 81%-дан асады», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Jysan Holding, LLC корпорациясы («Jysan Holding») және оның ағылшындық еншілес компаниясы Jusan Technologies, Ltd 16 ақпанда Невада штатының федералды аудандық сотына Қазақстанға қарсы талап арыз берген болатын. Құрылымдар Қазақстан үкіметін компанияның құны 1,5 млрд доллардан асатын қазақстандық активтеріне бақылауды өз қолына алу мақсатында қорқыту науқанын жүргізді деп айыптады. Алайда ел билігі талап арыз туралы ешқандай құжат алмағанын мәлім етті.