Қазақстанда макарон өндіретін қанша кәсіпорын бар

Qaz365.kz редакциясы

Кәсіпорындар макарон өнімдерін шет елдерге экспорттап жатыр

chexfoods.com

Қазақстанда жұмыс істеп жатқан макарон өнімдерін шығаратын 40 кәсіпорын бар, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметіне сүйеніп.

“2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еліміздегі макарон өндіретін 40 кәсіпорын 122,8 мың тонна өнім өндірді. Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда көрсеткіштердің 5,8% - ға өсуі байқалады.  Бұл ретте қазақстандықтар жыл сайын орта есеппен 130 мың тоннаға жуық макарон тұтынады. Экспортқа келетін болсақ, шетелге 47,1 мың тонна сатылды, бұл көлем 2021 жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінде қалды. Қазақстандық макаронның негізгі тұтынушылары Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан болып отыр”, – делінген министрлік мәліметінде.

Сондай-ақ макарон өнімдерінің аз көлемі Қазақстанға импортталған. Қаңтардан қыркүйекке дейінгі кезеңде елге тек 23,4 мың тонна шетелдік өнім әкелінген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,2% - ға төмен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2021 жылдың осы кезеңінде 25,5 мың тонна импортталған болатын.