Елімізде банк қарыздары мен микрокредиттерді кешіруге қатысты көп өтініш түскен

Qaz365.kz редакциясы
Ашық дереккөздерден

Өткен жылы қазақстандықтардан банктер мен микроқаржы секторы ұйымдарының қызметіне қатысты 35 мыңнан астам өтініш келіп түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Мұндай деректер «Ашық НҚА» порталында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы ұйымдарының қызметін реттеу және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжатта қамтылған.

«Өткен жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке және заңды тұлғалардың 35 337 өтінішін қарады. Ал 2021 жылы мұндай өтініштер 42 925 болған еді. Тұтынушылар өтінішінің 99%-ы банктер мен банктік емес ұйымдар секторына қатысты болды. Талдау көрсеткендей, банк және микроқаржы саласындағы негізгі өтініштер банк қарыздары мен микрокредиттерді кешіру, оларды қайта қарау және нормативтік-құқықтық актілердің нормаларын түсіндіру жөнінде болған. Зерттеу нәтижесінде қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін дұрыс есептемеу, жасырын комиссиялар, сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәнінен және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінен асып кетуі, жалған тұтынушылық кредиттерді рәсімдеу сияқты проблемалар анықталады», - делінген құжатта.

Бұған дейін Қазақстанда 17 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылғаны хабарланған еді.