Депутаттар Forbes тізіміндегі олигархтардың жерін тексеріп жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Осыдан бірнеше күн бұрын депутат әлеуметтік желіде Алматыдағы үйінің есігі алдында тұрған колясканы өртеп кеткен еді

Депутат Бақытжан Базарбектің баласының арбасын өртеп жіберген. Ол мұны Мәжілістегі белсенділігімен байланыстырады. Яғни Forbes тізіміндегі олигархтар болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 

«Жер аманаты» республикалық комиссиясымен бірге Forbes тізіміне енген бірнеше олигархтың жерін тексеріп жатырмыз. Іле-Алатауы ұлттық саябағының жанында Новиков деген генералдың жері бар, оны да тексергелі отырмыз. Одан бөлек, BI-Group-тың жерлерін тексеріп жатырмыз. Қай жақтан қауіп-қатер төнгенін білмеймін, бірақ заманымыздың сұр заман болғаны соншалық, ешкім қорғалмаған. Қарапайым азамат та, депутат та қорғансыз», - дейді Бақытжан Базарбек.


Осыдан бірнеше күн бұрын депутат әлеуметтік желіде Алматыдағы үйінің есігі алдында тұрған колясканы өртеп кеткен еді. Көп өтпей 1991 жылы туған азамат ұсталған.


«Біз бұл мәселеге түсіністікпен қарауға тырысамыз. Неге? Себебі біз дұрыс іс тындырып жатырмыз», - дейді ол.


Мәжілісмен арбаның өртелуі жай бұзақылық ретінде қарастырылғанына наразы.


«Полицияға жүгініп, қылмыстық іс қозғау керегін айттым. Қылмыстық кодексте «Парламент депутатының қызметіне кедергі жасау» деп аталатын 373-бап бар. Бірақ полиция ол бап бойынша емес, «Бұзақылық» бойынша іс қозғап отыр», - дейді Бақытжан Базарбек.


Депутат таяуда жер кодексіне қауіпті түзету енгізілгелі жатқанын айтқан еді. Журналистер «нақты қандай депутаттар сол түзетуге лобби жасап отыр?» деп сұрады.

«Кім екенін айта алмаймын, бірақ бұл – экология министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитеті деп ойлаймын», - дейді ол.