Алайда энергетика вице-министрі Асхат Хасенов сұраққа нақты жауап бере алмады
Нұрсұлтан Назарбаев президент болған тұста еліміздің көптеген кен орындары шетелдік инвесторларға берілген. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек сол кездегі құпия келісімшарттар қашан елге ашық көрсетілетінін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Елімізде 1997 жылдан бастап, барлық кен орындары инвесторлардың қолында. «Теңізшевройл», «Қарашығанақ», «Қашағанды» айтуға болады. Өкінішке қарай, әлі күнге олармен бекітілген келісімшарт туралы халық білмейді. Конститутция бойынша халық жердің иесі. Ендеше, Үкімет мен айтқан үш кен орынына қатысты келісімшартты ашуға дайын ба?», - деді Бақытжан Базарбек.
Алайда энергетика вице-министрі Асхат Хасенов сұраққа нақты жауап бере алмады.
«Өнімді бөлуді келісімшарттарына сәйкес, оларға арнайы тұрақтылық берген. Бірақ ол мүлдем ақпарат жоқ деген сөз емес. Экологиялық міндеттемелердің орындалуы, салық төлемдері, өңірлерге қандай әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқаны ашық ақпарат көздерінде бар», - деді вице-министр.
Бұл жауапқа көңілі толмаған депутат сұрақты тағы бір нақтылап қойды. Сол кезде ғана Асхат Хасенов жауап берді.
«Халықаралық талаптарға сәйкес, келісімшарт екі жақтың келісімі болса ғана ашық айтылады», - деді ол.