Заңгерлер осы себепті тергеу салғырт жүріп жатыр деп алаңдаушылық білдіріп отыр
Біраздан бері Алматыдағы «Рахат» базарының аумағына көзі түсіп жүргендер көп. Біресе жиһаз фабрикасын, біресе сквер саламыз деп әкімдік кәсіпкерлердің әбден мазасын алған. 6 желтоқсанда бір топ саудагер мен олардың құқығын қорғап жүрген заңгерлері арнайы баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қыркүйек айында Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Жетісу ауданының әкімдігіне түскен шағымды қарап шығып, «Рахат» базарының кәсіпкерлерін жақтап шыққан болатын.
Алайда сот ісі мұнымен біткен жоқ. Жетісу ауданының әкімдігі апелляциялық шағым түсіріп, бір мезгілде экономикалық сотқа талап арыз берді. «Рахаттың» мүддесін қорғайтын адвокаттар мұны сот заңнамасын бұзу деп бағалайды, себебі ол кезде бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ. Мемлекет басшысына жүгінуге де осы себеп болған.
«Еліміздің Конституциясының кепілі ретінде Қазақстан Республикасының Президентінен қорғауды сұраймыз. Заң үстемдігі болмайынша, жарқын болашаққа бейімделіп, кәсіпті адал жүргізу қиын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің араласуыңызсыз Алматы қаласының сот және құқық қорғау органдары мәселені толығымен шешуге қауқарсыз», – дейді «Рахат» базарының өкілдері атынан заңгер Жәмилә Төленова.
«ТКМ» ЖШС мен Рахат базары саудагерлерінің қорғаушысы Жәнібек Башанов Алматы әкімдігі тарапынан жасалып жатқан озбырлық туралы айтты.
«Сауда базарларын жаңғырту, яғни «модернизациялау» ешбір құқықтық актілерде бекітілмеген. Модернизация талабы қалай жүргізілу керек деген сұраққа жауап та жоқ. Өйткені бағдарламасы бекітілмеген. Субсидия, жеңілдікпен несие беру мәселелері ешқандай заң нормаларымен қамтылмаған. Осы күнге дейінгі модернизация базардағы сатушылардың есебінен жасалынып келеді. Сатушылардың шегіп отырған зардабы орасан», – дейді Жәнібек Башанов.
Сол секілді барахолкадағы тағы бір базар «Евразия» бойынша да жағдай мәз емес. Бұрынғы иесі Игорь Овсянников қашып кеткен. Оған халықаралық іздеу жарияланған.Ол 67 сатушының 4,5 миллион доллар ақшасын қалтасына басып, Мәскеуге тайып тұрған.Тіпті, сол жақта бизнесін жүргізіп жатыр деген ақпарат бар.
Жаңадан келген сауда үйінің иесі сатушыларға мүлдем өзге талаптар қойып, «реконструкция» жасаймын деп дүрліктіріп отыр.
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап сауда орталығының жаңа иесі «Евразия ЛТД» ЖШС саналады. Кәмила Сұлтанова құрылтайшылық ететін «Еуразия» ЖШС жалға алып отыр. Меншік иесі ауысқаннан кейін базардың жаңа қожайындары жалдау ақысын 30 пайызға көтеруді ұйғарған.
«Алайда, қабылданған шаралармен келіспейтіндіктен, сондай-ақ меншік иесінің ауысуы жағдайын пайдаланып, жалға алушылар сауда үйінің құрылысына өз қаражатын салғанын, заңды меншік иесі болып табылатынын алға тартып, наразылықтарын білдірді. Сауда алаңдарын сатып алған жоқ және бутиктерді жалға алу ақысын төлеуге ниетті емес», – дейді қалалық әкімдік.
Заңгерлер болса, тергеу салғырт жүріп жатыр деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Осы іске қатысты Алатау аудандық полиция бөлімі тергеу жүргізіп жатқанына 1 жылға жуықтаған. Екі апта сайын кәсіпкерлер Алматы қаласы прокурорының орынбасарының қабылдауында істің тергелуін бақылауда ұстап отыр екен.
Баспасөз жиынына қатысушылар бұл іске экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тоқалы Әсел Исабаеваның қатысы бар деп санайды. Жақында «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабында Назарбаев Әсел Исабаевамен бейресми түрде діни некеге отырғанын, бұл некеде Тауман және Байкен есімді екі ұлы бар екенін жазған. Өйткені саудагерлер мен заңгерлер сауда орындарының құрылтайшылары арасынан Әсел Исабаеваның туысының атын көрген.
«Бұл іске қатысты тергеу кезінде базар құрылтайшыларының бірі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі Әсел Исабаеваның (туған сіңілісі Ақтоты Исабаеваның жолдасы) күйеу баласы Дастан Жантелиевтің есімі жүр. Мүмкін тергеудің сылбыр жүргізілуінің себебі де осы секілді», – дейді заңгер Жәмилә Төленова.
Бұған дейін сотта жеңген «Рахат» базарының сатушылары Жетісу ауданының әкімін рейдерлік жасады деп айыптағанын жазғанбыз.