Белгілі кәсіпкер Қазақстанда одан пара сұрағанын айтты
Indrive сервисінің негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский Қазақстанда жұмыс істегені үшін қалай пара беруге мәжбүр болғаны туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бізге кейбір ықпалды адамдар келіп, Қазақстанда жұмыс істегілерің келсе, бөлісулерің керек деп айтты. Олар табыстың 50 пайызын сұрады. Біз ешкімге пара бермейтінімізді айттым. Тіпті, 50 пайыз тұрмақ 15, ең ақыры 5 пайыз да бермейтініміз анық», – дейді Арсен Томский.
Ол арада бір апта өткенде компаниясын қара тізімге кіргізгенін айтты. Indrive сервисінің IP мекенжайы Қытайдағыдай тек VPN арқылы істейтін болған.
«Мұнда өзгеріс енгізу оңай. Бірақ бұл жағдай бізді жігерлендірді. Бірден қарсылық көрсете бастадық. IP мекенжайды өзгерттік. VPN арқылы ақпарат тараттық», – дейді кәсіпкер.
Олар Астанадағы үкіметтік кварталдан заң бұзып отырған қаскүнемді тапқан.
«Көп жұмыс атқардық. Қолдан келгеннің бәрін жасадық. Үкіметтік кварталдағы қай ғимаратта блокқа қойып жатқанын іздестірдік. Сотқа, монополияға қарсы комитетке бардық. Арада екі ай өткенде бұғаттау қарқындылығы төмендей бастады. Арада жарты жыл болғанда, біз барлық шектеуді тоқтаттық. Енді, екі жылдан кейін ресми түрде заңсыз шектеуді толығымен шештік», – дейді Арсен Томский.
inDrive қызметі Қазақстанда 2014 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс істейді. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, компания Ресей нарығынан 2022 жылдың маусымында кеткен. Жақында Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды.