Ер адамның айтуынша, 29 желтоқсаннан бері әйелін «адам өлтірді» деген айыппен қамауда ұстап отыр
Талдықорғанда осыдан екі ай бұрын 14 жастағы қыз бала жоғалып кеткен отбасында жаңа жыл қарсаңында тағы бір оқиға болып, іс ушығып бара жатыр. Таяуда осы отбасындағы өгей әке Қазақстан Президенті мен Бас прокурорына, ішкі істер министріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, үйдің отағасы мен бала емізіп отырған әйелін полиция қызметкерлері бөлімшеге әкеткен. «Тіпті, мені тауға апарып, полиция қызметкерлері сабап тастады» деп мәлімдейді ол.
Ер адамның видеоүндеуін өз парақшасында Талдықорғандағы белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова бөлісті. Ер адамның айтуынша, 29 желтоқсаннан бері әйелін «адам өлтірді» деген айыппен қамауда ұстап отыр.
«29 желтоқсанда түнде әйелімді полиция қызметкерлері емшектегі баламен бірге алып кетті. Полиция бастығымен әңгіме деген. Бір сағаттан кейін менің қолыма кісен салып, «куәгер боласың» деді. Таңертең бізді тауға апарып, ол жерде полиция қызметкерлері мені сабады. Маған «сен осы жерде бүгін қаласың, өлтіреміз» деді. Кешке қарай Талдықорғанға қайтарып апарды. Екі күн бойы не адвокатқа, не ата-анама хабар бере алмадым. Себебі телефонымды тартып алған еді», – дейді ол.
Кешке қарай адвокаты ішкі істер бөліміне өз шаруаларымен кездейсоқ келіп қалып, ер адамды көріп қалып, алып шыққан. Ер адам содан бері әйелін көрмегенін айтады.
«Оны қамауға алды. Осыдан кейін адвокаттар әйеліммен сөйлесті. Адвокаттарды қазір уақытша оқшаулағышқа кіргізбейді. Неше күннен бері басқарма алдына келіп, не тамақ, не гигиена заттарын жеткізе алмай отырмыз. Әйелім үшін жедел жәрдем шақырылғанын да естідік. Адвокаттар оның тірі-өлісін білу үшін көре де алмай отыр. Полиция қызметкерлері полиция бастығы ешкімді кіргізбеуді талап еткенін айтады. Адвокаттарымызға әйелім «адвокатты ол ауыстырды» деп қатаң түрде айтыпты. Ол өтірік.
Кіргізбейді. Прокуратураға қоңырау шалсақ, кезекші прокурор келмейді, реакция білдірмейді, қоңырауды алмайды да. Қайда барып, кімнен көмек сұрайтынымызды білмеймін. Менің әйелімді сабап жатыр. Сол үшін жасырып отыр. Оның беті, денесі көгерген болуы керек. Күмәнім бар. Адвокатты жібермеуде басқа сылтау көріп тұрған жоқпын. Полиция қызметкерлері заңнан биік пе!?» – дейді ол.
Аталған посттың астына Жетісу облысының полиция департаменті бір сөзбен пікір қалдырған.
«Іс қылмыстық кодекстің 99 бабы (кісі өлтіру) бойынша жүргізіліп жатыр. Басқа ақпарат қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, жарияға жатпайды», – делінген жауапта.
Еске сала кетейік, бұған дейін журналист Сандуғаш Дүйсенова Талдықорғанда екі айдан бері 14 жастағы оқушы қыз жоғалып кеткенін хабарлаған еді. Ол тұста полиция істің мән-жайы анықталып жатқаны жөнінде мәлімет берген.
Сол кезде қыздың анасы өгей әкесімен бірге тұратыны белгілі болған. Нағашысының айтуынша, күйеуі оны ұрып, қысым көрсетеді. Жоғалған қыздың оқиғасына да соның қатысуы болуы мүмкін екені айтылған.