Жетібайдағы «Westoil Software» ақыры 50 қызметкермен келісімшартты бұзды

Qaz365.kz редакциясы

Олар компанияны «ҚазМұнайГаз»  құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіруді, техниканы жаңартуды талап етеді

ФОТО РАДИО "АЗАТТЫК"

«Westoil Software» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Компания бүгіннен бастап ереуілді заңсыз деп тану туралы сот шешімін негізге ала отырып, өндірістік қажеттілікке байланысты 50 қызметкермен еңбек шартын бұзатынын хабарлауға мәжбүр екен. 


«Пайда болған бос орындарға жұмысқа орналасуға кезекте тұрған азаматтардың арасынан қабылдаймыз. Бұл ретте жұмысқа қабылдау ісі бос лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл тәсіл еңбек заңнамасына толығымен сәйкес келеді», – делінген компанияның хабарламасында. 

Жұмысқа қабылдау процесі аяқталғанша жұмыстан босатылған қызметкерлердің келісім комиссиясы арқылы жұмысқа қайта оралуына мүмкіндігі бар екен.


 «Осындай мүмкіндік бар кезде, заңсыз ереуілге қатысушылардың барлығын өз жұмыстарына оралған әріптестерінен үлгі алуға шақырамыз. Бұл процесс жоспар бойынша жалғасады. Біз жұмысқа орналасуға ниетті жаңа үміткерлердің толық тізімін анықтағаннан кейін, заңсыз ереуілді тоқтатқысы келмеген басқа жұмысшылармен еңбек шартын бұзатын боламыз. Олардың орнына жұмысқа өңірдегі жұмыссыздардың арасынан қабылдаймыз», –- делінген хабарламада.


Айта кетейік, Маңғыстау облысы Жетібайда West Oil Software желтоқсаннан бері ереуілдетіп тұрған жұмысшыларымен «келісімшартты үзуге дайын» екенін бұған дейін де мәлім еткен.
Олар компанияны «ҚазМұнайГаз»  құрылымына қосуды, ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіруді, техниканы жаңартуды талап етеді. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" техниканы жаңарту туралы талаптан басқаларын орындай алмайтынын мәлімдеген.