Қазақстанда 10 мыңға жуық азаматтың несиесі кешірілді

Qaz365.kz редакциясы

Банкте несие рәсімдеген құжатын да жоғалтып, сергелдеңге түскендері бар

Фото: yandex.kz

Банкрот деп танылған 10 мыңға жуық азаматтың несиесі кешірілді. Бұл шамамен 20 миллиард теңгедей қаржы, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Жеке тұлғалардан 86 мың өтініш келіп түскен. Оның жартысынан көбі мақұлданбаған. Себебі, бұл азаматтардың берешегін кешіктіріп төлеу мерзімі 12 айдан аспаған.

Банкпен несие рәсімдеген құжатын да жоғалтып сергелдеңге түскендері бар. Ал енді не өзінде, не отбасы мүшелерінде тіркеуде мүлкі барларының өтініші мақұлданбаған.

«9871 қазақстандықтың несиесі кешірілді. Соның ішінде, 944 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл азаматтардың енді қаржы сауатын арттыру үшін жұмыс істейміз», – деді мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов.

Айта кетейік, «Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы» заң былтырдан бастап күшіне енген. Бұл санатқа кіргендер бес жылға дейін банктен кредит ала алмайды. Сондай-ақ оның қаржы ахуалына үш жыл бойы бақылау жүргізіледі. Жеті жыл ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды.