Шымкентте 100 мыңға жуық кәсіпкер жеңілдік алды

Qaz365.kz редакциясы

Жеңілдікпен 90 мыңнан астам кәсіпкер қамтылады

Шымкент қаласында соңғы 5 жылда кәсіпкерлікті қолдау шараларының нәтижесінде инвестиция көлемі 3,7 есеге артты. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан «Жұлдыз», «Бозарық» индустриалды аймақтары мен «Сауда-логистика орталығын» кеңейту және «Ауыр металургия» индустриалды аймағын құру жұмыстары басталды. Бұл туралы жергілікті бизнес қауымдастығы өкілдерімен өткен арнайы кездесуде қала әкімі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі atameken.kz-ке сілтеме жасап.

Ғабит Сыздықбеков Шымкентте көлеңкелі экономикамен күресті күшейту мақсатында бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету туралы шешім қабылданғанын, жеңілдікпен 90 мыңнан астам кәсіпкер қамтылатынын атап өтті.

Кәсіпкерлерді қолдауға қатысты алдыңғы кездесуде көтерілген бірқатар мәселенің шешілгенін, нақтырақ айтқанда, сыйақы ставкаларын субсидиялау мақсатында жергілікті бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралғанын жеткізді.

Кездесу барысында Түркия компаниясымен меморандум түзіліп, аумағы 500 га заманауи жылыжай, «Кока Кола Алматы боттлерс» компаниясының керамикалық тақта өндіретін «Ванг Шенг Керамик» жобаларының іске асырылатынына, «Shymkent invest» бірыңғай қызмет көрсету орталығының құрылып жатқаны белгілі болды.

Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова  бизнес қауымдастығы тарапынан әлеуметтік жауапкершілік ретінде «Шымкент – қайырымды қала» корпоративтік қорына қолдау көрсетілетінін айтты.

Ғабит Сыздықбеков, қаланың Бас жоспарына сәйкес, негізгі көшелердің дизайн-коды бекітілгеніне тоқталып, кәсіпкерлерді ғимараттары мен аумақтарын осы дизайн-кодқа сәйкестендіруге шақырды.