Отандық өнімді сақтаудың жаңа технологиялары
«Боралдай» сақ қорғандары археологиялық паркінде өткен биылғы жылғы «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» атты халықаралық этнофестивальде Алматы тұрғындары мен шетелдік меймандар екі күн бойы көшпенді елдердің тарихы мен мәдениетінен сусындады. Айтулы шара Қала күніне орай «Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Этноауылда 12 елден келген ұлт өкілдері мен еліміздің өнерпаздары, спортшылары, қолөнершілері мен зергерлері өз өнерлерін көрсетті. Екі күнге созылған шарада отандық өнім өндіріп қана қоймай, оны сақтаудың жаңа технологияларын жетік меңгерген еліміздің мақтануға тұрарлық кәсіпкерлері де бой көрсетті.
Соның бірі де бірегейі – Гульзира Алғазина. Ол екі жылдан аса уақыт ішінде тынымсыз еңбегінің арқасында отандық қоспасыз шырын өндірісімен айналысып жүрген кәсібі – «Алматы қаласының ең үздік тауары» атанып үлгерді. Алматы қаласының «Бизнес-Бастау», «Бизнестің жол картасы – 2025», Voice of business Almaty сынды жас кәсіпкерлерді қолдайтын бизнес жобаларда бақ сынап, қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. Бұған дейін 30-ға стартап жобаларын сәтті қорғап шыққан. Гульзира – көпбалалы ана. Балаларының денсаулығын ойлап, табиғи өнімді ғана тұтынсын деген ниеті – дәл осы бизнесті бастауға алып келді.
«Кішкентай бүлдіршіндерімнің қай кезде де сапалы, құнарлы, қоспасыз тамақтануына баса мән беремін. Дені сау ұрпақ қана – елдің ертеңі. Әрбір ана бірінші кезекте балаларының денсаулығы мықты болғанын қалайды. Балаларым үшін экологиялық таза өнім ұсынып жүріп, басқа отбасылардың да сапалы ас тұтынсын деген ниетпен кәсібімді бастадым», – дейді Гульзира Алғазина.
Президентіміз Қасым-ЖомартТоқаев айтқандай, саламатты Қазақстанды құратын – дені сау, өскелең жас ұрпақ. Отбасының қамын ойлап қана қоймай, өзгеге де пайдалы болуды көздеген Гульзира бұл кәсіптің табысты екенін айтады.
«Шырын – адам ағзасына керек түрлі дәруменге толы тамақ өнімі болғандықтан, балғын өнімдер мен көкөністерден жасалады. Бүгінде шырын, балшырын сусындарының өндірісі әлемдік экономикада айрықша орын алады. Осы кәсіпті ашу мақсатында «Бизнес-Бастау» жобасына қатысып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған болатынмын. Берілген сомаға кәсібіме қажетті жаңа технологияларды сатып алдым. Одан соң, түрлі бизнес жобаларда бақ сынап, жеңімпаз атандым. Жақында ғана Voice of business Almaty жобасына қатысып, 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантының иегері атандым. Халықаралық көрмеде «Қазақстандық ең үздік өнімі» атандық. Менің әрбір жетістігім – өз ісіме деген шексіз махаббаттың жемісі деп білемін», – дейді кәсіпкер Гульзира.
Дәл осы кәсіп бойынша бүгінгідей бәсекеге толы нарық заманында өніміңнің сапалы ғана болуы жеткіліксіз. Дәл осы принципті берік ұстанған Гульзира Алғазинаның үш жылға жетер-жетпес уақытта бастаған ісін өрге домалатып отырғаны – көпке үлгі.
Қоспасыз шырынның «Шарын сыйы» деп аталуы да тегін емес. Себебі кәсіп иесі Шарын ауылында дүниеге келген. Еліміздегі құнарлы да өнімді жеміс беретін өлкенің тумасының бастамасы қолдауға тұрарлық іс.
«Шарын сыйы» экологиялық сусынының – өрік, алхоры, алмұрт, апельсин, қызанақ пен қарбыз дәмімен жасалатын түрлері бар. Сақталу мерзімі 18 айға жарамды. Әр өнім Шарынның балғын жемісінен жасалады. Жоғары механизмдегі автоматтандырылған жаңа технологиялық аппарат бойынша өндіріледі. Табиғи шырынның барлығы дерлік техникалық стандарттарға сәйкес, сапа көрсеткіштеріне қарай сорттарға бөлініп, сұрыптаудан өтеді. Қант, глюкоза қолданылмайды. Біз өнімді сақтаудың жаңа инновациясын меңгерудеміз. Цитрусты көкөністерден жасалатын шырындардың PH қышқылдық көрсеткіштерін ескере отырып, сусынды қойылту мен езбе түрінде дайындауда тың әдісті қолданамыз», – дейді Гульзира Алғазина.
Бүгінде отандық қоспасыз өнімнің бағасы көпке бірдей қолжетімді емес. Алайда кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген кәсіпкер бұл жағын да жан-жақты ойластырған. Тұтынушы кез келген сусынның түріне тапсырыс беріп, оның бесеуін алатын болса, арнайы жеңілдік ұсынылады және тегін жеткізу қызметі бар.
Аминқышқылы мен минералды заттарға бай көкөністер мен жемістерден жасалатын шырын өндірісі – еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартып, адам денсаулығының кепіліне жауап береді. Сол үшін де мұндай кәсіпті алған бетінен қайтпайтын, ерік-жігері мықты Гульзира Алғазина секілді отбасын ғана емес, ұлтын ойлаған кәсіпкерлер ғана жандандырары хақ. Себебі шырынды дайындау үшін оны сорттап, колибрлеп барып жасайды.