Жаңа Салық кодексі: не өзгереді

Qaz365.kz редакциясы

Мәжіліске келіп түскен жобада ставкаларды саралау көзделеді

Фото: elements.envato.com

Қаржы және экономика саласы сарапшыларының кейінгі кезде қызу талқысына түскен өзекті тақырыптың бірі – салық кодексі. Құжат жақында ғана тараған Парламентке ене қойған жоқ. Алайда қыркүйектегі саяси маусымда қос палатада көбірек айтылатын кодекс те осы болмақ. Себебі Салық кодексі елдегі 20 миллионнан астам адамның бәрін қамтиды. Жаңа салық кодексі нақты қандай ережелерді көздейді? Ол күшіне енетін 2025 жылдан бастап елде не өзгереді? 

Qaz365.kz тілшісі құжаттың негізгі новелллаларын шолып шықты.

Алты ай сайын «алло»

Қазір елдегі шағын кәсібі бар азаматтарды алаңдататын проблеманың бірі – алты ай сайын қаржы органдарына есеп беру. Бизнес атаулы бірде бар, бірде жоқ болатындықтан, елдегі көп кәсіп иесі сол есепті тапсырмай, айыппұлға ілініп, әуреге түсіп жатады. Міне, сол себепті елде жүз мыңдап шағын бизнес субъектісі тіркелгенімен оның бәрі «өлі» санатта. Алты ай сайын «алло» деп салық органдарынан қоңырау түсетіндіктен, жеке кәсібі жүрмей тұрғандарды бұл тіптен түңілдіретін.

Енді жаңа салық кодексі бойынша осы есепті ұсынбағаны үшін ешкімге айыппұл салынбайды. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, есеп бермеген кәсіпкерді нөлдік есептілікпен қабылдайды. Артынша, қажет болған жағдайда кәсіпкер өзінің бизнес есебін түзетіп алады.

Берешек

Жаңа кодекс енгізгелі отырған тағы бір өзгеріс – салық бойынша берешегі бар кәсіпкерлердің шоты бірден бұғатталмайтынында. Егер кәсіпкердің борышы 20 АЕК – 73 мың теңгеден аспаса, оған салық берешегінің бары жөнінде ескерту хабарлама жолданады. Егер оның қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен, шотының шығыс операциялары тоқтатылады. Ұлттық экономика вице-министі Азамат Әмриннің сөзінше, бизнесмендер осы мәселені көтеріп, көп шағымданған. 

Қосымша құн салығы өспейді. Корпоративті табысы салығы өсе ме?

Бұрын белсенді талқыланған қосымша құн салығы мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін өсіру мәселесіне нүкте қойылды. Енді бұл салық 12% деңгейінде қалады. Қаржыгер Максим Барышевтің сөзінше, сонымен бірге Үкімет бұған дейін барлық кәсіпорындар үшін корпоративтік табыс салығын (КТС) 25-30% дейін көтеру мәселесін талқылаған. Алайда сарапшылар болып, депутаттар көтеріліп, КТС мөлшерлемесін 20% сақтап қалған. Енді Мәжіліске келіп түскен жобада ставкаларды саралау көзделеді: ойын бизнесі және банк секторы сияқты жоғары маржалық секторлар үшін (нақты секторды кредиттеуді қоспағанда) КТС ставкасы 25% дейін ұлғаяды. Өңдеу өнеркәсібі мен әлеуметтік сала үшін мөлшерлеме 10% дейін, ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 3%дейін төмендейді. Бұл отандық өндірушілер мен әлеуметтік салаларды қолдай отырып, салық жүктемесін әділ бөлуді білдіреді.

Сән-салтанат салығы

Жаңа кодекске сәйкес, сәнді заттарға салық салуды арттыру бойынша шаралар қабылданады. Жылжымайтын мүлік объектілері бойынша жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатын мүлік салығының жоғары ставкалары, кедендік құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салынып, қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына акцизбен қосымша салық салу көзделген.

Шекті табыс

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай әрі ең төменгі 4 пайыздық төлеммен жаңа жеңіл салық режимін енгізу ұсынылады. Бірыңғай төлем міндетті зейнетақы төлемдерін, әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын қамтиды. Бірыңғай төлемді мобильді қосымша немесе салық агенті (платформа) арқылы дербес төлеуге болады. Бұл салыққа ілінгендердің шекті табыс - айына 340 АЕК-тен (1,25 миллион теңге) аспауы керек.

Жеке табыс салығы

Жеке табыс салығы бойынша азаматтарға жүктеме азайтылады. Егер қазір жалақыдан салықты есептеу кезінде 14 АЕК (51 688 теңге) мөлшерінде шегерім қолданылса, онда бұл сома 30 АЕК (110 760 теңге) дейін ұлғайтылады. Яғни, жалақының салық салынбайтын бөлігі артады.

Тағы да преференциялар бар

Ғимараттарды, құрылыстарды, машиналарды, жабдықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу-салу шығындарын шегерудің 100 пайызы түрінде инвестициялық салық преференциялары ұсынылады. Жаңа кодексте бағалы қағаздармен операция кезінде акциялар құнының оң және теріс өзгерістерінің сальдо сомасы ескеріледі. Келісімшарттан тыс қызмет немесе басқа келісімшарттар (лицензиялар) шеңберінде геологиялық барлауға арналған барлық шығыстарды шегерімге жатқызу мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған рентабельділігі төмен кен орындарының жаңа бөліктерін игеру үшін уақытша жеңілдіктер ұсынылады.

Жер салығын алып тастау

Бірыңғай жер салығын алып тастап, оның орнына ЖТС төлеу ұсынылады. Төлемнің үш түрі (ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін және жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны үшін лицензияларды пайдаланғаны үшін), алымдардың 6 түрі, сондай-ақ мемлекеттік баждың 5 түрі ұсынылады.

Тоқаевтың сыны

Еске сала кетейік, 2024 жылдың ақпанында Үкіметтің жаңа құрамының отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа салық кодексін әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын сынға алған еді. Мемлекет басшысының айтуынша, «салықты көбейте бермей, оларды жинау жүйесін жетілдіріп, көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша жұмыс істеу керек». Осы сыннан кейін жаңа салық кодексін әзірлеушілер түрлі салық алынып тасталатынын айтысқан. Десе де, Парламентке баратын нұсқада салық түрлерінің қайсысы енгізіліп, қайсысы қалатыны тағы белгісіз.

Үкіметтің ұстанымы

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жаңа салық кодексі бюджет кірістері мен экономикадағы өсімді ынталандыра отырып,теңгерімге қол жеткізуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, құжаттың негізгі міндеті — тепе-теңдік принципі. Салық кодексі, бір жағынан әлеуметтік саланы қамтып,мемлекеттік міндеттерді орындау үшін бюджеттің жеткілікті кірісін қамтамасыз етуі керек. Екіншіден, бизнеспен инвестицияларды ынталандырып, экономикалық өсімді және өндірісті ұлғайтуы да керек. Одан бөлек, Байбазаров 1,3 трлн теңгеден астам сомаға салық жеңілдіктерін қысқартып, салықтар мен алымдарды оңтайландыруды ұсыну жоспары барын айтады.

«Президент салық жеңілдіктерін кемі 20% қысқарту міндетін қойды. Біз жағдайды жалпы бағалап, енді нақты шараларды ұсынамыз», — деп отыр Нұрлан Байбазаров. 

Экономиканы, инвестициялар мен бизнесті ынталандыру үшін салық кодексінде негізгі инвестициялық преференциялар сақталады, сондай-ақ шетелдік және ішкі инвестицияларды тартудың жаңа шаралары ұсынылады. Тау-кен өнеркәсібін одан әрі дамыту әлеуетін түсіну үшін геологиялық барлау белсенді түрде ынталандыру көзделген. Одан тыс Үкімет қосымша құн салығын қайтару процесін автоматтандырып, зейнетақы табысына 10% мөлшерінде жеке табыс салығын салуды алып тастауды ұсынады. 

Десе де, соңғы шешім Парламентте, ал соңғы сөз Мемлекет басшысында.